Алматы облысында полиция қызметкері жанармай құю бекетінде орын алуы мүмкін болған жарылыстың алдын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 2025 жылғы 10 мамырда Ұзынағаш ауылында болған. Қызметтік аумағын бақылау барысында патрульдік полиция инспекторы Мирас Тастанды жанармай құю бекетінде тұрған ГАЗель автокөлігінің отқа оранғанын байқайды. Жағдайдың күрделілігі мен жарылыс қаупін түсінген ол сол жерде жүрген екі азаматпен бірге дереу өртті сөндіруге кіріседі.
Жедел әрі үйлесімді әрекеттің нәтижесінде өрт толықтай ауыздықталып, апаттың алдын алу мүмкін болды. Егер өрт жанармай сақталған резервуарларға жеткенде, салдары ауыр болар еді.
Инспектордың батыл шешімі мен азаматтардың жауапкершілігі арқасында қайғылы оқиғаның жолы кесілді. Мұндай жағдайлар полиция қызметкерінің жай ғана форма киіп жүрген адам емес, қоғам қауіпсіздігі үшін әрдайым дайын тұлға екенін дәлелдейді. Біз қызметкерлерімізбен мақтанамыз және сын сағатта бейжай қалмаған әр азаматқа алғысымызды білдіреміз, – деді ведомство өкілдері.