Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаев әлеуметтік желіде тараған видеоға байланысты әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаевтың темекі шегіп, кейін жерге түкірген сәті түсірілген видео тараған болатын. Кадрларды жариялаған тұрғын мемлекеттік қызметкердің бұл әрекетіне наразылығын білдіріп, сынға алған.
Жамбыл ауданы әкімдігінің редакцияға берген ресми жауабына сәйкес, 19 қарашада Ақниет Тұматаевқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған. Құжат Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 803-бабына сәйкес рәсімделген. Оған Алматы облысы Полиция департаменті Жамбыл ауданының полиция бөлімінің инспекторы қатысқан.
Әкімдік мәліметінше, шенеунікке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441-1-бабының 1-тармақшасына сәйкес 15 АЕК (64 875 теңге) көлемінде айыппұл салынған.
Бұдан бөлек, Жамбыл ауданы әкімдігі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысының атына хат жолдаған. Хатта аудан әкімінің орынбасары А. Туматаевтың 2026 жылғы 18 қарашада әлеуметтік желіде жарияланған жазбасына қатысты мәселе көтерілген.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы қағидалардың 46-тармағына сәйкес, шенеуніктің әрекетін Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қарау мәселесін қарастыру ұсынылған екен.
Тағы оқи отырыңыз: Көлік жүргізу құқығынан айырылғандар рөлге отырды: Бес күнде 115 адам қамалды
WhatsApp-ты бұғаттаса да тыныштық бермеген: Қарағандыда қызды екі жыл бойы аңдыған жігіт жауапқа тартылды