Бүгін, 19 маусымда Алматы қаласының бірнеше аумағында жарық өшіп, тұрғындар наразылығын тудырды. "Алатау жарық компаниясы" АҚ осыған қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Жарық компаниясының мәліметінше, бүгін 16:45-те Алматы энергия торабы аумағында жүктемені автоматты түрде түсіру орын алды – апатқа қарсы автоматика жүйесі іске қосылды.
САОН – жүктемені автоматты түрде ажырату жүйесі, АЧР – жиілік бойынша автоматты жүктемені түсіру жүйесі, яғни өңірдің толық электр қуатынан ажыратылуын болдырмау үшін тұтынушылардың бір бөлігі автоматты түрде өшіріледі, – делінген BAQ.KZ тілшісіне берген жауапта.
Апаттың себебі – 500 киловольт (кВ) кернеулі электр жеткізу желілерінің апатты түрде ажыратылуы. Бұл желілер "KEGOC" АҚ – Қазақстанның ұлттық электр желілерінің операторының басқаруында.
Қазіргі уақытта KEGOC мамандары апаттың салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Электр жүйесінде жүктеменің артуы мен жаңа ажыратуларды болдырмау үшін жүйелік оператордың (яғни, елдің энергетикалық жүйесінің бас диспетчерінің) шешімімен Алматы облысының келесі аудандарында уақытша электр қуатын шектеу енгізілді: Жамбыл, Балқаш, Есік, Райымбек, Шелек, Кеген, Қарасай аудандары, Алматы қаласы, – деді АЖК өкілдері.
Мамандардың айтуынша, шектеу көлемі – 240 мегаватт. Бұл уақытша шектеу болғандықтан, аталған өңірлердегі кейбір тұтынушылар жарықсыз қалуы мүмкін.
Энергожүйе жиілігі тұрақтанғаннан кейін және Алматы энергия торабы елдің бірыңғай энергетикалық жүйесіне қайта қосылған соң, ажыратылған тұтынушыларды жарықпен қамтамасыз ету біртіндеп қалпына келтіріледі, – деді компанияда.
Алматының бірнеше ауданында жарық өшкені туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.