Алматы облысында 1600-ден астам жұмыс орны құрылады

4 Қыркүйек 2019, 16:42
2104
Бөлісу:
Алматы облысында 1600-ден астам жұмыс орны құрылады

Алматы, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек Алматы облысына жасаған сапары барысында Іле ауданындағы «Береке» индустриалды аймағында болды. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық даму басқармасының басшысы Руслан Қожасбаевтың айтуынша, «Береке» индустраилды аймағының жалпы көлемі 535 г. Әзірге оның аумағында 8 кәсіпорын орналасуда, олардың арасында «Green Land Alatau», «KazAgroTech», «Нұр Төбе» жылыжайлары, «Дархан МНМ» аяқ киім фабрикасы, «Мекада» құрылыс компаниясы және басқалары бар. Осы жобалар жүзеге асырылғанда 1620 жаңа жұмыс орны құрылады. Қазіргі кезде оларға жер бөлу, жобалау құжаттарын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Индустриалды аймақтың кварталішкілік инженерлік жүйесінің құрылыстарына алдын ала есептеу бойынша 7,6 млрд. теңге қажет. Мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін бұл сома нақтылатын болады.  

EDM_8776.jpg

Сол сияқты осы жерде вице-премьерге «Gate City» жобасының бас жоспарына енгізілген, келісілген түзетулер туралы баяндалды. Кварталдық желілерді есепке алғандағы тұрғын үйлер салу кезеңдері, тұрғын аудандардың аумағын абаттандыру, жеке тұрғын үйлер салу жөнінде кеңінен сөз болды. 

Сонымен қатар, мұнда сумен қамту жүйесінің жалғастыру желілері, 202 Гкал қуаттылықтағы магистралды жылу трассасы бар су жылыту қазандығы, қосалқы стансалар, 2000 текшелік су жинағыш жасалған. Сол сияқты тұрғын үйлерге тартылатын көшеішілік инженерлік желілердің құрылысын жобалау жұмыстары да біткен. Оларды салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл орайда облыс әкімі облыстық құрылыс басқармасына әлеуметтік нысандарды жобалау ісін бастауды тапсырды. Сонымен бірге Амандық Баталов тұрғын үйлер құрылысын бастау жұмыстарын жылдамдату керектігін айтты.

EDM_8578.jpg

«Бізде қазір алаңы 600 мың шаршы метр болатын тұрғын үйлер құрылысы үшін магистралдық желілер дайын. Бірінші кезегі 300 мың шаршы метрді құрайды. Тұрғын үй массивінің құрылысын бастауды жылдамдатуды сұраймыз. Себебі облыста әлі 40 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Әсіресе, көп балалы отбасыларды, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын баспанамен қамту қажеттілігі бар», - деді облыс әкімі. 

Баяндамашыларды тыңдаған вице-премьер бұл мәселе бойынша жауапты тұлғалардың қатысуымен арнайы жиын өткізетінін айтты. 

Сол сияқты Үкімет басшысының орынбасары «Маревен Фуд Тянь-Шань» зауытында да болды. Ресми делегация өндірістік цехтарды, дайын өнімдер қоймасын аралады. Аралау барысында кәсіпорын директоры брикеттегі және жаймадағы тез дайындалатын «Роллтон» кеспесін, «Роллтон-Домашний» сорпасын әзірлеу процестері туралы айтып берді. 

Сапар соңында Жеңіс Қасымбек бұл зауытты өткен жылы Индустрияландыру күнінде Елбасы іске қосқанын, кәсіпорынның Орта Азияда теңдесі жоқ екенін еске салды. Зауытқа мемлекет тарапынан қажетті қолдаулар жасалған. Ең бастысы, мұнда 370 жұмыс орны құрылған.

Өзгелердің жаңалығы