Алматы мешіттерінде Құрбан айт намазы оқылмайтын болды

16 Шілде 2021, 16:27
2367
Бөлісу:
Алматы мешіттерінде Құрбан айт намазы оқылмайтын болды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласының бас имамы Оспан Төлеби Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте карантин кезінде Құрбан айт мерекесін атап өту шараларын түсіндірді.

Оның айтуынша, Алматыдағы эпидемиялогиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты Құрбан Айт намазы қала мешіттерінде оқылмайды. Айт намазының орнына әркім өз үйінде 2 рәкат намаз оқуы ұсынылады.

Сондай-ақ Құрбан айт күндері елдің базардан мал таңдап алып, оны өз қолымен союына және көпшілік іс-шараларды өткізуіне мүмкіншілігі болмайды.

Бұл жауапты да, сауапты амалды Муфтиятқа қарасыты мешіттер Шариғаттағы өкіл құрбандығы, яғни біреудің орнына басқа адам өкіл болып, құрбан шалу қағидасына сүйене отырып қашықтан құрбан шалуды ұйымдастырады. Былтырғы тәжірибеге сүйене отырып, Бас муфти бастамасымен карантин талаптарын ескере отырып, халықтың денсаулығын сақтау мақсатында құрбан шалу шарасын өткізу үшін Құрбан-2021 атты онлайн қайырымдылық акциясы қолға алынды. Ол үшін арнайы Kurban2021.kz сайты қайта іске қосылып, қашықтан құрбан шалудың жөн-жосығы мен алгоритмі түзілді,-деді қаланың бас имамы.

Алматы өкілдігі бойынша қашықтан құрбан шалу ісін үйлестіретін арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар тапсырыс алудан бастап, мал сою, видео есеп жолдау, етті мұқтаж жандарға тарату сынды жұмыстарды жүргізеді.

Сайт арқылы құрбандыққа тапсырыс беру 15 шілдеден бастап 22 шілде сағат 14.00-ге дейін жалғасады. Пандемияға байланысты қашықтан құрбан шалуға тапсырыс берушілерге құрбан еттері берілмейді, еттер түгелдей мұқтаж жандарға табысталады,-деді Оспан Төлеби.




Өзгелердің жаңалығы