Алматы қаласы мәслихаты депутаттығына саяси партиялардан 118 үміткер тіркелді

14 Желтоқсан 2020, 11:49
1250
Бөлісу:
Алматы қаласы мәслихаты депутаттығына саяси партиялардан 118 үміткер тіркелді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы бойынша 5 саяси партияның қалалық филиалдары Алматы қаласы мәслихаты депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынды. Бұл туралы Алматы қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Жанна Асанова онлайн брифинг барысында айтты. 

Оның айтуынша, Nur Otan партиясы» - 78 адамды, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» - 6 адам, «Ақ жол» ҚДП - 15 адам, «Қазақстанның Халық партиясы» - 15 адам, Adal саяси партиясы - 5 адамды депутаттыққа ұсынған. Яғни Алматы қалалық мәслихатындағы 39 депутаттық мандатқа барлығы 119 адам ұсынылған.

«Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 105-бабының 1-тармағына сәйкес Жақыпбеков Асан Амангелдіұлының 2020 жылғы 8 желтоқсандағы өтініші негізінде Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы оны «Қазақстанның Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының партиялық тізімінен шығару туралы қаулы қабылдады. Осылайша, үміткерлердің жалпы саны 118 адамды құрады. Барлық қажетті құжаттарды тапсырғаннан кейін, сондай-ақ сайлау жарналарын енгізгеннен кейін барлық партиялық тізімдер тіркелді. Барлық партиялармен 29 жасқа толмаған әйелдер мен тұлғалардың квотасы бойынша талаптар орындалды, - дейді Жанна Асанова.
Nur Otan партиясы бойынша 78 адамның 27-сі әйелдер, ерлер-51 адам. Ұсынылған ең кіші үміткердің жасы - 20 жас, ең үлкені - 64 жас.

 «Ауыл» ХДПП бойынша - 6 адам, оның екеуі әйел, біреуі 29 жасқа дейін, екіншісі үлкен. Ерлер тиісінше 4 адам. Ең кішісі - 28 жаста, ең үлкені - 52 жаста.

Adal саяси партиясы атынан түсіп отырған 5 адамның үшеуі әйел, біреуі - 29 жасқа дейін, 2 - 29 жастан асқан, сәйкесінше ерлер 2. Ең кішісі – 24 жаста, ең үлкені - 45 жаста.

«Ақ жол» ҚДП атынан барлығы 15 үміткер, квота бойынша 6 немесе 40%. Ең кішісі-22 жаста, ең үлкені - 70 жаста.

ҚХП -14 адам, ең кішісі - 20 жаста, ең үлкені - 64 жаста.

118 адамның 46-сы қажетті квотаға кірген, бұл 39% құрайды.

Қазіргі уақытта мемлекеттік кіріс органдары кандидаттар жариялаған кірістер мен мүлік туралы мәліметтердің дұрыстығын тексеруді жүзеге асыруда.

Өзгелердің жаңалығы