Алматы халқы Төрегелді Шармановты ақтық сапарға шығарып салды

26 Мамыр 2024, 11:35
8790
Бөлісу:
Алматы халқы Төрегелді Шармановты ақтық сапарға шығарып салды

Қоштасу рәсімі С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қазақ тағамтану академиясының президенті, Қазақстанның Еңбек Ері, академик қазасына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айту жеделхатын жолдаған. Көңіл айту хатын Парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов оқыды. Көңіл айту хатында Төрегелді Шарманұлы саналы ғұмырын ұлт денсаулығына арнаған бірегей тұлға, биік парасат иесі болғаны атап өтілген. Сондай ақ, қазақ тағамтану ғылымының көкжиегін кеңейтіп, дүниежүзі ұйымы ЮНИСЕФ және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық байланыс орната білді, –делінген мемлекет басшысының көңіл айту хатында.

Қаралы жиынға Үкімет мүшелері, қала әкімі, Парламент депу­таттары мен қоғам қайраткерлері, Төрегелді Шармановтың туған-туыстары қатысты. Жиналған жұрт 94 жасқа қараған шағында өмірден озған академиктің саналы ғұмырында ел дамуына қосқан үлесін, қайраткерлік қыры, кәсіби білігі, азаматтық келбетін еске алып, жақын-жуығына көңіл айтты. Төрегелді Шарманов Кеңсай зиратына жерленді.

Төрегелді Шарманов 1971-1982 жылдары Қазақ ССР денсаулық сақтау министрлігіне жетекшілік еткен. Оның бастамасымен 1978 жылы Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) және ЮНИСЕФ қолдауымен алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету бойынша халықаралық конференция өтті, онда әлемдік денсаулық сақтау саласындағы негізгі құжаттардың бірі Алматы декларациясы қабылданды.
1973 жылы Шарманов КСРО Тағамтану институтының медицина ғылымдары академиясының Қазақ бөлімшесіне жұмысқа орналасқан. Кейін бұл Қазақ тағамтану академиясы болып аталды. Төрегелді Шарманов Қазақстандағы нутрициологтар мектебінің негізін қалаған. 
2005 жылы дүниежүзілік денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін ДДСҰ-ның Леон Бернард атындағы халықаралық сыйлығымен марапатталды.

Өзгелердің жаңалығы