Алматы облысында есірткіні қолмен жасаушылар улы зат пайдаланған

15 Наурыз 2019, 17:36
2574
Бөлісу:
Алматы облысында есірткіні қолмен жасаушылар улы зат пайдаланған

Талдықорған, BAQ.KZ. Алматы облысының полицейлері есірткіні өндіру және тарату дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу барысында ұсталған екі азаматқа улы заттардың заңсыз айналымына қатысы бар деген айып тақты.

Биыл қаңтарда Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері арнайы жасақтың көмегімен ғаламтор арқылы есірткі саудасын жасады деген күдікпен екі ауыл тұрғынын ұстаған. Ауыл шетіндегі иесіз үйде полицейлер есірткі әзірлейтін және оларды дозаларға бөліп орайтын зертхананы анықтады. Аталған зертханадан 6 килограмм есірткі табылып тәркіленді. Оның жартысы жай марихуана, ал қалғаны белгісіз қоспалары бар синтетикалық есірткі болып шықты.

«Жүргізілген сараптаманың қорытындысы бойынша өсімдік тектес есірткі заттары фенол деп аталатын улы затпен әбден суғарылғаны анықталды. Фенол – өте улы зат және аса қауіпті заттардың қатарына жатады. Яғни, тәртіп сақшыларының көмегімен заңсыз айналымынан улы есірткі заттарының таралу жолы кесілді»,- деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

Осыған орай, жаңадан анықталған жағдайларға байланысты қамаққа алынған күдіктілерге улы заттардың заңсыз айналымына қатысы болғаны үшін жаңа айып тағылғанын атап өтті.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін облыс аумағында тәртіп сақшылары заңсыз айналымнан 400 килограмға жуық есірткі заттарын тәркілегенін айтқан болатынбыз. Оның ішінде марихуана, гашиш және героин сынды есірткі түрлері бар.

Фото: Арнайы видеодан скрин

Өзгелердің жаңалығы