Алматы автоХҚО-сында жаңа GPS жүйесі бар автодром іске қосылды

28 Ақпан 2022, 12:30
1513
Бөлісу:
Алматы автоХҚО-сында жаңа GPS жүйесі бар автодром іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыдағы Саялы шағын ауданында орналасқан мамандандырылған ХҚО өз жұмысын қайта бастады.

Ондағы автодром жаңа GPS жүйесімен жабдықталды, енді практикалық емтихан барысында бұрынғыдай магнит датчиктері пайдаланылмайды, барлық дерек спутник арқылы жеткізіледі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сүйеніш Әбділдиннің айтуынша, Саялы шағын ауданындағы мамандандырылған ХҚО – Қазақстанда алғашқылардың бірі болып ашылған орталық. 9 жылдың ішінде маневрлар мен емтихан тапсырушылардың қозғалысын тіркейтін жабдық ескірді, автодромға жөндеу ғана емес, күрделі жаңғырту қажет.

Бұрын датчиктер бампердің астына орнатылатын, егер көлік бордюрге соғылса, ол бірден істен шығатын. Енді қажетті жабдықтар салонның ішіне қойылды. Сондықтан жеңіл соқтығыс болса да, көлік қозғалысы туралы ақпарат еш ақаусыз жолданады, – деді Әбділдин.

Жаңа жүйенің арқасында Алматы қаласының №1 мамандандырылған ХҚО автодромы күніне 100-ге жуық курсантты қабылдайды деп жоспарлануда. 

Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласында жүргізуші куәлігін ауыстыруға болатын және көлікті қайта тіркеу қызметін көрсететін бес мамандандырылған ХҚО жұмыс істейді.

Саялы және Кемел шағын аудандарындағы автоорталықтарда практикалық емтихан қабылдайтын автодромдар бар.

Өзгелердің жаңалығы