«Алматы-2050» стратегиясы қолданысқа ене бастады

6 Желтоқсан 2020, 20:02
1846
Бөлісу:
«Алматы-2050» стратегиясы қолданысқа ене бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының Наурызбай және Түрксіб аудандарында «Алматы-2050» Стратегиясы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысу үшін БАҚ өкілдері мен блогерлерге арналған пресс-тур ұйымдастырылды.

Жобалар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды жаңартуға және аймақтық экономиканы дамытуға бағытталғанын атап өткен жөн.

Осылайша, Наурызбай ауданында журналистер «OpenNauryzbai» қоғамдық қабылдау орнында болып, өнеркәсіп паркінің жұмысымен танысты, сондай-ақ «Қатысу бюджеті» бағдарламасы аясында жаңадан ашылған спорт нысандарын бағалады.

Сонымен қатар, Наурызбай ауданындағы пресс-тур пункттерінің бірі Абай даңғылындағы тесу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскеге бару болды. Абаттандыру бөлімінің бастығы Жандос Тәкібаевтың айтуынша, бүгінде 1 учаске бойынша жұмыстар 50% - ға аяқталған.

Әшімов көшесінен бастап қала шекарасына дейінгі 1 учаске бойынша жұмыстар жартылай аяқталды. Момышұлы көшесінен Әшімов көшесіне дейінгі 2 учаскеге келетін болсақ, нысанның дайындығы 20% құрайды. Біз жобаны іске асыруды жеделдету үшін барлық шараларды қабылдап жатырмыз. Тапсыру келесі жылға жоспарланған. Ағымдағы жылы ауданның 14 көшесінде тротуар құрылысымен көше-жол желілеріне орташа жөндеу жүргізілді. Бүгінгі таңда "Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020" бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалпы ауданның 57 көшесінде асфальт жабыны қалпына келтіріліп, сыртқы жарықтандыру желілері жөнделуде, - деп атап өтті Жандос Тәкібаев.

Сондай-ақ, журналистер бүгінде құрылысы жүріп жатқан "Қарғалы" су дайындау станциясына барды. Нысанның өнімділігі тәулігіне 15 мың м3 құрайды, жоба 38 мың тұрғынды сапалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2021 жылы Қарағайлы, Таусамалы шағын аудандарында желілер мен Ақсай өзеніндегі су жинау құрылыстарын салу жоспарлануда.

Түрксіб ауданында журналистер 600 орынға есептелген № 203 жаңа мектепке барып, сумен жабдықтау және су бұру, сыртқы жарықтандыру желілері құрылысының барысы туралы ақпарат алды. Бұл нысандардың барлығы «Нұршашқан» шағын ауданда орналасқан.

Аудан тұрғындарын барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету біз үшін басым міндет. Бүгінде "Қайрат", "Нұршашқан" және "Әлмерек" шағын аудандарында сумен жабдықтау және су бұру құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстар осы жылдың соңына дейін аяқталады. «Әлмерек» шағын ауданын электрмен қамтамасыз ету үшін, біз Талғар АЭЖ - мен бірлесіп, жүктемелерді қайта бөлу үшін қуаты 630 кВА трансформаторлық қосалқы станцияны орнату бойынша жұмыстар жүргіздік, бұл желілердегі тұрақты кернеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары Болат Байділдаев.

БАҚ өкілдеріне Жарбұлақ өзенінің арнасын нығайту жұмыстары да таныстырылды. Жоба су тасқыны кезінде жақын маңдағы елді мекендерді су басудың алдын алу мақсатында іске асырылуда. Арнаны бетон конструкцияларымен нығайту жоспарлануда, бұл болашақта жағалаулардың эрозиясын болдырмайды.

Өзгелердің жаңалығы