Алматы-1 вокзалын жаңғырту жұмыстары 90 пайызға аяқталды

1 Қазан 2026, 15:01
АВТОР
 2gis.kz/Сергей Лис 1 Қазан 2026, 15:01
1 Қазан 2026, 15:01
137
Фото: 2gis.kz/Сергей Лис

Алматыдағы маңызды көлік нысандарының бірі саналатын Алматы-1 теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл туралы Түрксіб ауданының әкімі Дамир Әкежанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен 90 пайызы орындалған.

Алматы-1 вокзалы – қаладағы маңызды нысандардың бірі. Бүгінде жаңғырту жұмыстарының 90 пайызы аяқталды деп айтуға болады, – деді Дамир Әкежанов.

Оның сөзінше, жобаның тапсырыс берушісі – «ҚТЖ Модернизация» акционерлік қоғамы.

Әкімнің мәліметінше, келісімшарт бойынша жұмыстарды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Алайда мердігерлер құрылысты мерзімінен бұрын бітіруді көздеп отыр.

Жоспар бойынша жоба жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Бірақ жұмыстар кестеден озық жүргізіліп жатыр. Мердігер ұйым өкілдері жаңғырту жұмыстарын қазан айының соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырғанын айтты, – деді аудан әкімі.

Осылайша, Алматы-1 вокзалының жаңартылған ғимараты жолаушылар үшін жақын айларда толық пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жамбыл облысында 1989 жылы салынған Шу станциясының теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Нысанды жөндеу Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүргізілді.

Наверх