«Алмату» деген жазуы бар теңгелер табылды - археолог

28 Ақпан 2022, 19:40
1484
Бөлісу:
«Алмату» деген жазуы бар теңгелер табылды - археолог

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Орта ғасырдағы Алатау баурайындағы Алматы қаласы мәдениеті дамыған, гүлденген шаһар болғаны анық. 

Бұл туралы Алматы музейінде өткен «Ортағасырдағы Алматы тарихының өзекті мәселелері» тақырыбындағы тарихи- танымдық дөңгелек үстел барысында айтылды.

Зерттеушілердің жүргізген қазба жұмыстары ортағасырлық кезеңде Жетісудың малшылары мен егіншілері, көшпенділері мен отырықшы халықтары өзара тығыз қарым-қатынаста өмір сүрген деп тұжырымдауға мүмкіндік береді. Тарихшылар бұл уақытта Жетісуда, Ұлы Жібек жолы бойында саяси, экономикалық, мәдени орталықтар ретінде белгілі болған Алматы, Талхир, Екіөгіз (Эквиус), Қойлық шаһарлары бар қалалық аудандар қалыптаса бастағанын айтады. 

Шара барысында ежелгі және орта ғасырлардағы жазба деректер мен нумизматикалық материалдар бойынша Алматы қаласының сол дәуірдегі даму тарихы туралы кеңінен мәліметтер айтылды. 

Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің аңғарындағы қала типтес елді мекендер туралы баяндайтын ортағасырлық жазба деректер біздің құнды қазынамыз. Сонымен қатар қазіргі таңда Алматы қаласы аумағындағы ортағасырлық ескерткіштердің жасын, орнын анықтау және оларды осы топониммен сәйкестендіру жұмыстары бүгінде үлкен істерге сеп болып жатыр. Біздің әріптестеріміз қаланың «Алмату» деген атауы жазылған теңгелерді тапты.  Алматыдан табылған бұл теңгелер 1271-1272 жылдарға тиесілі.  «Алмату»  деп жазылған теңгелер 1970 жылдары қазіргі ҰҚК шекара қызметі Акадмиясының ауласынан табылған. Жалпы қала аумағынан бас-аяғы жиырма шақты теңге табылды. Теңгедегі жазулар араб қарпімен жазылған. Кейінгі оқылғандарында 1281-1282 жылдар деп көрсетілген. Бұл жерде Үлкен Алматы, Көтем сияқты 4-5 шағын елдімекен болған. Оның барлығы нақты деректермен анықталған. Бұл да көптеген даулы мәселеге нүкте қоятыны анық, - деді Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының археолог маманы Ералы Ақымбек. 

Шараға еліміздің тарих және археолог ғалымдарымен қатар музей қызметкерлері, жас ғалымдар және мектеп мұғалімдері қатысып, қала тарихы төңірегінде пікір алмасты.

 

Өзгелердің жаңалығы