Қостанай облысында 24 тонна этил спиртін жалған құжаттар арқылы елден тыс жерге заңсыз шығаруға әрекеттенген азамат жауапқа тартылды.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, заң бұзушылықтың жолы прокуратураның үйлестіруімен Қарабалық ауданындағы «Қайрақ» өткізу пунктінде кесілген. Операцияға облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Шекара қызметінің қызметкерлері қатысқан.
Тексеру барысында жеке тұлғаның республиканың оңтүстік өңірлерінен акцизделетін өнімді тиісті лицензиясыз және кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде тіркелместен ірі көлемде тасымалдағаны анықталды, - деп хабарлады Қостанай облысының прокуратурасы.
Сонымен қатар салық салу объектісін жасыру мақсатында жүкке қатысты ілеспе құжаттарда этил спирті «алма сірке суы» ретінде көрсетілгені белгілі болды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде күдіктінің әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 224-бабы 1-бөлігі бойынша, яғни кәсіпкерлік қызметті тіркеусіз әрі міндетті лицензиясыз жүзеге асыру және акцизделетін тауарларды елеулі мөлшерде тасымалдау фактісі ретінде сараланған.
Қарабалық аудандық сотының 2026 жылғы 4 маусымдағы үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл мөлшері 786 400 теңгені құрады. Сонымен қатар мемлекет пайдасына 24 тонна этил спирті тәркіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Қостанай облысының прокуратурасы өңірде алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы жұмыстар жалғасып жатқанын хабарлады.
Тағы оқи отырыңыз: