2,8 млрд теңге шетелге шығарылған: Kaef Mafia ұйымдастырушысы Қазақстанға жеткізілді

Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бүгiн 2026, 11:01
АВТОР
 freepik.com Бүгiн 2026, 11:01
Бүгiн 2026, 11:01
305
Фото: freepik.com

Синтетикалық есірткіні сату және қылмыстық кірісті заңдастыру бойынша трансұлттық қылмыстық топты басқарды деген күдікпен Украина азаматы Польшадан Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері Қазақстанның Польша Республикасындағы елшілігінің жәрдемдесуімен аталған елден есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымымен айналысқан трансұлттық қылмыстық топты ұйымдастырғаны және оған басшылық еткені үшін, сондай-ақ қылмыстық кірістерді заңдастыру үшін Украина азаматын қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін экстрадициялады.

Арнайы прокурорлар қылмыстық істі тергеу барысында аталған тұлға трансұлттық қылмыстық топтың басшысы бола отырып, Telegram мессенджерінде Kaef Mafia интернет-дүкені арқылы есірткі және психотроптық заттарды жүйелі түрде байланыссыз сатуды ұйымдастырғанын анықтады.

Ведомство мәліметінше, қылмыстық әрекет нәтижесінде банк шоттары арқылы 2,8 млрд теңгеден астам қаражат өткізілген. Аталған қаржы Қазақстаннан тыс жерге шығарылғанымен, кейіннен қабылданған шаралар арқылы мемлекет пайдасына тәркіленген.

Сонымен қатар жедел іс-шаралар барысында осы қылмыстық топ мүшелерінен 1,2 келі есірткі және психотроптық заттар тәркіленді.

Қылмыс жасалғаннан кейін топ мүшелерінің бір бөлігі сотталған. Ал күдікті ұйымдастырушы қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.

Өткен жылдың желтоқсан айында ол Польша аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.

Оған тағылған айыптар бойынша мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Наверх