Журналист Назерке Шакиржанова ақын, халық жазушысы Мұхтар Шахановтың соңғы аманаты туралы жазба жариялады.
Оның сөзінше, Мұхтар Шахановтың тірі кезіндегі соңғы аманаты – өз ата-бабасының мекені Отырарда, Арыстан баб кесенесінің маңына жерлеу болған екен.
Бұл жай ғана тілек емес, елінің ары, намысы бола білген рухты ақынның халқына тілек аманаты. Ақын хәл үстінде жатқан сәттен бастап, жары Ханшайым Шаханова ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдаған. Онда ақынның соңғы аманаты нақты жеткізілген. Хат та, дәлел де алдарыңызда. Енді міне, бүгін Мұхтар Шаханов дүниеден өтті. Бір дәуір келмеске кетті. Тірісінде «Шындық биігінде жолығайық» деуден танбаған қайраткер ақынның соңғы аманатын орындау – бізге парыз, - дейді журналист.
Журналистің сөзінше, Арыстанбаб кесенесінің маңында Өзбекәлі Жәнібеков жатқан қорым да бар.
Мұхтар Шахановтың Өзбекәлінің қасына жерленетін жөні де жоқ емес. Өйткені Мұхтар Шаханов сол Өзбекәлі Жәнібековпен иықтас жүріп, ұлттық руханиятқа қызмет еткен тұлға. Олардың жолы бөлек болған жоқ. Оған дәлел ақын сөзін жазған «Арқалықтың ақ таңы» әні. Ән тарихы туралы «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабында да егжей-тегжейлі баяндалады. Торғай өңірінде жүріп, сол жақтың әнұранын жазуды Өзбекәлі Жәнібеков Мұхтар Шаханов пен Шәмші Қалдаяқовқа сеніп тапсырған. Сол сенімді Мұхтар Шаханов ақтады. Сондықтан оның Өзбекәлі атамыздың қасына жерленуі – қисынды да, жарасымды да шешім болмақ, - делінген жазбада.
Ақынның соңғы аманаты жазылған хат 15 сәуір күні Е-Өтінішке тіркеліп, «ҚР Президент Әкімшілігіне» жолданыпты.
20 сәуірге қараған түні Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Шаханов
өмірден өтті.