Әлеуметтік төлемді заңсыз алған 4 мыңнан астам қазақстандық анықталды

Қазақстанда 4 мыңнан астам адам әлеуметтік төлемді заңсыз алған.

Бүгiн 2026, 20:08
АВТОР
 gov.kz Бүгiн 2026, 20:08
Бүгiн 2026, 20:08
239
Фото: gov.kz

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу үшін қолданылған жалған жұмысқа орналастырудың ауқымды жағдайларын анықтады.

МӘСҚ мәліметінше, еліміздің 13 өңірінде жүргізілген тексеріс нәтижесінде 38 қылмыстық іс қозғалды.

Қордың хабарлауынша, мемлекеттік деректер базасын талдау барысында 4,4 мыңнан астам азаматқа әлеуметтік төлемдер алып беру үшін жалған еңбек қатынастарын рәсімдеген 258 кәсіпкерлік субъектісі анықталған.

Бүгінгі таңда тоғыз қылмыстық іс бойынша сот шешімдері шықты. Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және еліміздің басқа да облыстарында заңсыз схемаларды ұйымдастырған 12 адам кінәлі деп танылды.

Сот оларға 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

МӘСҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Жаныбековтің айтуынша, заманауи цифрлық құралдар мұндай бұзушылықтарды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бізге нақты уақыт режимінде әртүрлі ақпараттық жүйелердегі деректерді өзара салыстырып тексеруге мүмкіндік береді. Бұл жұмыстың басты мақсаты – әлеуметтік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз ету және жүйенің адал қатысушыларының мүдделерін қорғау. Табысты жасанды түрде өсіру немесе жалған жұмыспен қамтуды жасау әрекеттерінің кез келгені талдау кезеңінде анықталып, тиісті құқықтық бағасын алады, – деп атап өтті ол.

Қордан бақылау шаралары міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаражатын әділ бөлуге және төлемдерді адал алушылардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын баса айтты.

Сондай-ақ МӘСҚ азаматтарды жоғарылатылған әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуді ұсынатын делдалдардың қызметіне жүгінбеуге шақырды. Ведомство мұндай «кеңесшілерге» дербес деректерді беру заңсыз схемаларды ұйымдастырушылар үшін ғана емес, төлемді алушылардың өздері үшін де жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.

Айта кетейік, әлеуметтік төлемдер мәселелері бойынша кеңесті МӘСҚ филиалдары, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері, 1414 байланыс орталығы және қордың әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы тегін алуға болады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан ТМД елдері арасында жәрдемақы төлеуден көш бастап тұрғаны хабарланды

Тағы оқи отырыңыздар:

Әлеуметтік көмек: Үкімет біржолғы төлемдердің ең төменгі шегін белгіледі

Жұмыссыз қалсаңыз, қанша ақша аласыз: Әлеуметтік төлем қалай есептеледі?

Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақы тағайындау кезінде несиелер де ескеріледі

Наверх