Әлеуметтік қызметтер порталы мүгедектігі бар адамдардың жұмысын жеңілдетті – Тамара Дүйсенова

5 Шілде 2022, 11:47
1150
Бөлісу:
Әлеуметтік қызметтер порталы мүгедектігі бар адамдардың жұмысын жеңілдетті – Тамара Дүйсенова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. 

Айтуынша, мүгедектігі бар адамдардың тiршiлiктегі шектеулерді еңсеруіне мүмкіндік беретін қызметтер мен техникалық құралдар арнайы Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылады.

Биылдың өзінде портал арқылы 214 мың қызмет көрсетілді. Яғни көмекке мұқтаж адамдардың 62,4%-ы қамтылды. Бұрын осы жұмыстың бәрі жергілікті жерде атқарылатын. Сәйкесінше, жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың қызметіне сын-ескерту өте көп айтылатын. 2021 жылы порталдың іске қосылуы жеке оңалту бағдарламаларының орындалуын 87%-ға жеткізді, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Сондай-ақ ол порталдың артықшылығына тоқталды. 

Оңалтуға қажетті құралдармен және қызметтермен қамтамасыз ету мерзімін 8 айдан 14 күнге дейін қысқартты. Қай жерде тұрғанына қарамастан барлық мұқтаж адамның қызметтер мен техникалық құралдарға қолжетімділігін қамтамасыз етті. Құрал-жабдықтар мен қызметтерді және оны берушіні әркім өз бетімен таңдау мүмкіндігіне ие болды. Дегенмен, құралдарының сапасына, өнім өндірушілердің баға саясатына және олардың өз міндетін адал әрі ұқыпты атқаруына байланысты әлі де сұрақтар бар, - деді Тамара Дүйсенова. 

Министр оңалту қызметі мен құралдардың стандарты, баға саясаты және тиісті қызметті ұсынушыларды порталға тіркеу шарттары қайта қаралады деп отыр. Бұл шаралар қызмет көрсету нарығын дамытуға жағдай жасауға және қызмет ұсынушыларды әділ бәсекеге ынталандыруға бағытталады.        

Өзгелердің жаңалығы