Әлемге суретшілерімен ғана танылып отырған елдер бар – суретші

29 Қазан 2020, 13:08
7604
Бөлісу:
Әлемге суретшілерімен ғана танылып отырған елдер бар  – суретші
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі қазақ суретшілерінің беталысы қандай? Қандай жанрда сурет салып жатыр? Жалпы суретшілер қайтіп күн көріп отыр? Сурет көрмелеріне адамдар неліктен аз келеді? Пандемия кезінде суретшілер қандай үн қосты? Осы және басқа да мәселелер бойынша суретші Шаттық Батан сұхбат барысында айтып берді.

Жас суретші Шаттық Батан Қазақстан Суретшілер одағының секретариат кеңесінің мүшесі, халықаралық және Қазақстандағы сурет көрмелерінің қатысушысы, бірнеше фильмде қоюшы суретші болып қызмет еткен. 1983 жылы Қытайдағы Шыңжаң өлкесіне қарасты Іле облысында дүниеге келген.

Әлемге суретшілерімен ғана танылып отырған елдер бар  – суретші

Алғашқы қадам

Шаттық алғашқы сұрақты сурет өнеріне қалай келгеніңізден бастасақ. Көптеген адам шығармашылықпен айналысуға туған өлкесінің керемет табиғаты әсер еткенін айтып жатады. Сізде қалай болды, шығармашылықпен айналысуға не итермеледі?

Ол рас, мен қазіргі Қытай жеріндегі Шыңжаңның Іле аңғарында дүниеге келдім. Шыңжаңда Алтай, Тарбағатай және Іле сияқты 3 аймақ бар. Ол жерде 3 миллионға жуық қазақ тұрады. Менің туып өскен жерім Іленің Күнес ауданы. Түсіндіре кетсем Күнес бұл Іленің басы, сол жерде Текес, Күнес және Қас деген үш өзен қосылады. Бәрі қазақтар жайлаған жер. Сол Іленің бастауы Күнес деп аталады. Ол жердегі табиғаттың кереметтігін сөзбен айтып жеткізу қиын. Жердегі жұмақ сол деп айтуға болады. 2000-шы жылдардан бері ол жер әлемдік курорттық аймақ болып бекітіліп, арнайы картаға енген. Естіп-білуімше бүгінде жапондық инвесторлар сол жерді қаржыландырып, туристік аумаққа айналдырыпты.

Бала кезімде қазақтар ең көп шоғырланған жер де осы Күнес болатын. Табиғаты керемет осындай әдемі жерде балалық шағым өтті. Сондықтан сурет салуыма табиғаттың әдемілігі де әсер етсе керек. Оның үстіне Зейіпхан деген атам сол ауданның Мәдениет үйін құрушы, мектепте 40 жылдан астам мұғалім болған адам еді. Мектепті құруға да атсалысып, сонда директор болған. Бір сөзбен айтқанда оқу-ағартуды, мәдениетті дамытумен айналысқан. Содан болса керек әулетімізде өнерге жақын адамдар көп, әнші, ақын, күйші және суретші де бар. Үйдің үлкені болғандықтан мен ата-әжемнің қолында өстім. Әжемді шеше деп, өз әке-шешемді аға-жеңге дем атап кеттім.

Әлемге суретшілерімен ғана танылып отырған елдер бар  – суретші

Мектепке барар кезімде қолыма қарандаш ұстап сурет сала беретін көрінем. Қағаз таппасам үйдің қабырғасына дейін салып тастайды екем. Бірақ атам өнерді түсінгендіктен ешқашан бетімді қақпайтын, керісінше сурет салуымды үнемі қолдап, арғы жағымдағы өнерді оятуға тырысатын.

Өсе келе мектепте сурет салмасам жүре алмайтын жағдайға жеттім. Тұрған жерімізде көшпелі қазақтар бар, жайлауға көшіп-қонудың бәрін сурет қып салатынмын. Атқа мінген адам, әртүрлі жануарларды, төрт түлік мал, табиғатты сала беретінмін. Салған суреттерімді атам жинап жүреді. Сөйтіп жүріп мектепте танымал бола бастадым. Ондағы қабырға газеті, хабарландыру бұрышын жасап беретінмін. Оның үстіне балалар арасындағы түрлі сурет байқауларына қатысып, көрініп жүрдім. Осылай суретші ретінде қалыптаса бастадым. 7-8 сыныпқа келгенде қалааралық байқауларға қатысып, жеңімпаз атандым.

Мектеп бітірген соң Іле облысына қарасты Күйтін қаласындағы Көркем өнер институтына тапсырдым. Қытайдағы көптеген танымал өнер адамы сол жерде оқыған. Мен де сол жерде үш жыл білім алдым. Негізгі мамандығым сурет пәнінен сабақ беретін педагог еді. Бірақ менің бала кездегі арманым суретші болу болатын. Оқуды бітірген соң, Алматыда жүрген ағам Ермұрат Зейіпхан елге келген бір сәтінде менің суреттерімді, жұмыстарымды көріп «өнеріңді ары қарай шыңда, біліміңді жетілдіре түс» деп өзімен бірге Қазақстанға алып кетті.

Әлемге суретшілерімен ғана танылып отырған елдер бар  – суретші

Бұл кісі «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы ғой?

Иә, үйіміздегілердің көбі өнерге жақын деп бастапқыда айтқанымдай, музыкант Ермұрат Зейіпхан менің ағам. Оның біраз туындысын халық жақсы біледі. «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы. Ол кісі ақын, проза да жазатын. «Жайлауым», «Күнес-ай» деген әндері бар, жалпы жүзге жуық ән жазған. Поэзиялық екі-үш кітабы, прозалық бір кітабы жарық көрді. Ол кісі 1991 жылы Қазақстанға оқуға келіп, осында қалып еңбек етті. Өкінішке қарай 2011 жылы арғы дүниеге аттанып кетті. Дегенмен артында өз туындыларын қалдырып, елге деген сүйіспеншілігін өнер арқылы беріп кетті. Сол кісінің інісі болған соң еліктеп қасында көп жүрдім. Алматыға оқуға ертіп әкелген де сол еді. Ол кезде Қазақстанға келу қиын болатын, бұл жақтан арнайы шақырту болмаса кіргізбейтін.

Әлемге суретшілерімен ғана танылып отырған елдер бар  – суретші

Сөйтіп 2001 жылы Алматыға келіп өзім сияқты жан-жақтан келген қазақ жастарымен бірге дайындық курсынан өттім. Кейін Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының Көркем сурет факультетіне оқуға түстім. Ол жерде Қанапия Оспанов, Әлібай Бапанов, Жұмақын Қайранбаев және басқа да мықты ұстаздардан тәлім алдым. Кейін магистратураға түстім. Ол кезде оқумен қатар жұмыс істеп, сабақ беріп жүрдім. Кейін Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайында реставратор болып жұмыс істедім. Сол тұста Бақыт Сералиев деген кісі музейдің директоры болып тұрған кезі. Ол жерде үш жылдай жұмыс істедім. Одан кейін Астанадағы Құнды және бағалы металлдар мұражайында шығармашылық бөлім меңгерушісі қызметін атқардым.

Екінші Шарденов

Бір-екі мұражайда жұмыс істедім дедіңіз, бұл жұмыстар шығармашылығыңызға кері әсер еткен жоқ па? 

Жоқ, керісінше шетелдік және отандық суретшілердің өмірімен, олардың шығармашылығымен жақын таныса түстім. Мәселен, Әбілқан Қастеев, Орал Таңсықбаев, А,М.Черкасски, Н.Г.Хлудов деген суретшілерден кейін 1960 жылдары Салихитдин Айтбае, Жанатай Шарденов, Тоқболат Тоғысбаев сынды көптеген мықты өнер адамдарының болғанын біліп, еңбектерімен жақын таныстым. Жалпы Қазақстан талантты суретшілерге ешқашан кенде болған емес. Сондай-ақ шетелдік суретші Пабло Пикассо, Поль Гогеннің еңбектерімен жақын таныстым. Оларда арғы Давиншиден бастап бері қарай әртүрлі жанрларға бөлінеді. Жапон, француз, америкалық суретшілер бар, оған қоса империсианистер дегендер бар. Олар өнерге басқаша қарайды, реализм бағытын бұзып, жаңаша, тың дүниелерді әкеледі. Суреализм деген бар, ол өз алдына бір бағыт. Осындай түрлді бағыттардың ұшқындары біздің жанымызда жүргенін, олардың қалай аталатынын білмей жүргенімізді түсіне бастадым. Адам ізденіп, қаза бастағанда арғы жағындағылары шыға бастайды екен. Содан кейін осындай мықты суретшілерге еліктеу пайда болды. Ол ізденіс жолында жүрген әр шәкірт үшін қалыпты жағдай деп білемін.

Әлемге суретшілерімен ғана танылып отырған елдер бар  – суретші

Оқу бітірген соң Ван Гог, Жанатай Шарденовтың стилі, бояу алыстары менің жаныма жақын болды. Сөйтіп салған суреттеріме қарап елдер «Қазақстандағы Ван Гог», екінші Шарденов деген сияқты айта бастады. Ондай кезде бір марқайып қаласың. Ізденіс үстінде жүрген жас суретші үшін ол жарасады. Кейін өсе келе Шаттық деген атты қалыптастыру керек қой деген ойлар пайда болды. Ол кез келген шығармашылық адамының басынан өтетін нәрсе. Қазір сол Шаттық Батан болып қалыптасу жолында ізденіп жатқан жайым бар. Әр адамның талғамына қарай алға қоятын мақсаты болады. Микеланджелоның шәкірт қабылдау барысында айтқан қанатты сөзі бар. Ол кісі шәкірт қабылдауда өте қатал болған екен. Ол кезде академия, университет деген жоқ, сондықтан жас суретшілер мықты өнер адамынынң артынан ере жүріп қалыптасатын болған. Микеланджело алдына келген жас суретшілерге алдымен сұрақ қояды екен, дұрыс жауап бермегендерді қайтарып жіберетін көрінеді. Бір жолы өзіне сенімді бір жас суретші «менің талантым бар, Микеланджело мені таңдап алады ғой» деп келіпті. Бірақ оның жауабына атақты суретші қанағаттанбай оны кері қайтарып жіберген. Сөйтсе алдына келген жас суретшілерге «сен енді кім болғың келеді, қандай суретші болуды армандайсың» деген сұрақ қояды екен. Сонда жас суретші «сіз сияқты болғым келеді» депті, содан қабылдамай қоя берген. Кейін әлгі жас суретші қайта келіп «сіз сияқты мықты суретші болсам несі жаман» деп уәжін айтыпты. Сонда Микеланджело «Сендей кезімде мен құдай болуды армандадым. Бірақ Микеланджело болып қалдым. Ал, сен мен болуды армандаған екенсің ертең ешкім бола алмайсың, сол үшін сені қайтарып жібердім» депті. Сол сияқты әр шығармашылық адамының таудай арман, мақсаты болу керек. Менің буыным, алдымызда бір буын жоғары жүргендер барлығы қазір ізденісте жүр. Әркім өз мақсатына жету жолын іздеуде, мен де солардың бірімін. Сондықтан келешекте жасайтын дүниелеріміз көп деп ойлаймын.

Әлемге суретшілерімен ғана танылып отырған елдер бар  – суретші

Осы уақытқа дейін жеке көрмеңіз өтті ме?

2018 жылы мамыр айында алғаш жеке көрмемді Талдықорған қаласындағы көркем өнер галереясында өткіздім. Жалпы халықаралық және еліміз ішіндегі көрмелерге топпен бірге бұрыннан қатысып келемін. Бірақ жеке көрмемді Талдықорғаннан бастадым. Сол жақта бір халықаралық симпозиум өтті. Сол кезде музей директоры Қайрат деген ағамыз және Суретшілер одағының сол жақтағы бөлім басшысы Ермахан ағамыз бен Айгүл деген өнертанушы тәтеміздің ұсынысымен көрмемді ұйымдастырдым. Сонымен көрмеге жарайды-ау деген 50-60 суретім бар деп едім, ол кісілер біздің галерея сонымен толады деп қуана келісті. Ондағы халық, мектеп оқушылары мен өнер адамдары суреттерімді жақсы қабылдады.

Кейін Қазақстан Суретшілер одағы ішіндегі «Ұлар» галереясының басшысы Юрий Марковичтің қолқа салуымен сол галереяда көрмем өтті. Ол кісі бұрыннан «сенің суреттерің ұнайды, Шарденов ағаңа жақын келесің. Кейінірек сол кісінің жұмысымен біріктіріп көрмеңді жасасақ қайтеді» деп айтып жүретін. Өз басым бұл мүмкін емес шығар деп ойлайтынмын. Біріншіден, Шарденовтың еңбектері музей қорларында ең қымбат экспонат ретінде сақтаулы, екіншіден колекционерлер қолдарындағы жұмысты бере қоймайды. Сондықтан көп болса екі-үш суретін табатын шығар деп ойладым. Өйткені ол кісінің жай бір суретінің өзі шамамен 30 мың доллар тұрады. Содан карантиннің алдында көктем кезінде галерея басшысы «мен дайынмын, сенің картиналарың дайын ба?» деп хабарласты. Сөйтіп көрмеге лайықты суреттерімді таңдап алып барсам, ол кісі Шарденовтың 15 суретін тауып қойыпты, оған қатты таңғалдым. Галеряда бұрыннан жұмыс істеп келе жатқа мықты маман болған соң тапқан болу керек. Жанатай Шарденовтың ұлы бірнеше картина берген көрінеді. Бұл көрме «Ұрпақ жалғастығы» тақырыбымен өтті. Жалпы Шарденов сияқты мастер, үлкен тұлғаның еңбектерімен бірге көрме жасау мен үшін үлкен бақыт әрі қобалжу болды. Дегенмен бәрі сәтімен өтті. Ол кісі табиғат пейзаждарын көп салған, менде де солай суреттерім табиғатпен астасып жатыр. Табиғаттағы сұлулық, сиқыр, соны басқаша көріп, басқаша бейнелегім келіп тұрады. Ол кісі де сондай, эксперименттерді көп жасаған. Тың дүниені көрсетуге, жаңаша көзқараспен қарауға тырысқан. Сол жолда өмір бойы ізденген кісі.

Жалпы көрмеге келушілер жағы қалай?

Қазір адамдардың көрмеге келуі қиын. Өнерге қатысы бар, сол салада жүрген аттөбеліндей ғана адамдар болмаса қарапайым халық келе бермейді. Өйткені өмірдің қарбаласымен жүреді, әркімнің өз тіршілігі бар. Оған келмедің деп ешкімді кінәлай алмайсың. Мүмкін біздің жасаған дүниелеріміз ол кісілердің жүрегіне жетпей жатқан шығар, әсерлендіре алмай жатқан шығармыз. Оның енді әртүрлі себебі бар. Бастысы өнер тоқтап қалмай жасала беру керек.

Қазір өлара кезең

Жалпы қазақ суретшілері қандай кезеңді басынан өткізіп жатыр?

Дәл қазіргі кезде әртүрлі себептерге байланысты бір өлара кезең болып тұр. Ізденіс керек, тыныштық керек. Қаржылай көмек керек. Суретшілік өзің сүйген кәсіп болған соң ешкімге арыздануға қақың жоқ. Дегенмен өнер жасау үшін, таза өнермен айналысу үшін уақыт, тыныштық, ізденіс, қаржылай қолдау керек. Бұлар бір-бірімен байланысты. Суретші ізденіп, өз бойын жаман нәрселерден аулақ ұстап, тазарып жүріп ішіндегі ойды шығарады. Бұл ақын, жазушы, композиторлар сияқты барлық шығармашылық адамдарында болатын құбылыс. Кейде шеберханаға өзіңді қамауың керек болады. Табиғатты аңсап тауға баратын кездер болады. Табиғатпен тілдесіп, үндесіп, жеке ой үстінде қалатын кездер болады. Әртүрлі идеялар миыңа келіп-кетіп жатады. Сол ритмнен айырылып қалмай негізін ұстап қалу керек.

Маңайымда жүрген суретшілер де сондай. Қазақта «тоқтау су сасиды» деген сөз бар ғой. Өнерде де солай. Тоқтап қалсаң ары қарай кризиске ұшырайсың. Су сасымас үшін үнемі ағып жату керек. Міне, өнер адамдары да солай әрдайым ізденіс үстінде жүру керек. Осылай тоқтаусыз ізденіс үстінде жүрген суретшілерді көріп, біліп жүрмін. Бір-бірімізді байқап, қолдап отырамыз. Өнер деген бір дүниені жасап міне деп көрсете салатын нәрсе емес, онымен өмір бойы айналысасың. Қай уақытта жасаған шығармаң сен үшін жауап беретінін де білмейсің. Бір сөзбен айтқанда тоқтаусыз ізденіс үстінде жүру қажет. Дарынды әрі үнемі ізденіс үстінде жүретін суретшілер бізде көп.

Қазір немен айналысып жүрсіз, қандай тақырыпта суреттер салып жатырсыз?

2-3 ай болып қалды жаңадан түсіріліп жатқан «Абай жолы» сериалының түсіріліміне көмектесіп жүрмін. Режиссері Мұрат Есжан деген жігіт. Оңай емес, тарихи фильм. Сонда қоюшы суретші болып жұмыс істеп жатырмын. Сценариін оқып көрген соң қолымнан келетінін айттым. Қазір соңына таяп қалдық. Ол жерде бүкіл декорацияны жасайсың, сахналарды қойып беріп отырасың. Бұл фильм жаңа жылға дейін халық назарына ұсынылады деп отыр.

Биылғы пандемия шығармашылық адамдарына қалай әсер етті?

Әркімге әртүрлі әсер еткен болу керек. Өз басыма келер болсам ізденуге, түрлі эскиздер жасауға уақыт жеткілікті болды. Тек табиғатқа шығып сурет салуға кедергі келтіргені болмаса, қатты бір тоқырауға ұшырадым деп айта алмаймын.

Осы індет тақырыбында ақындар өлең жазып жатты. Үй қабырғаларында коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлердің суреттері пайда болды. Қолыңызға қылқалам алып осы тақырыпта сурет салған кезіңіз болды ма?

Әрине, әлемді жайлаған бұл пандемия маған да әсер етті. Осы тақырыпта бірнеше суреттің эскизін жасап қойдым. Бірақ кенеп бетіне майлы бояумен әлі түсіріп үлгермедім. Оны алдағы уақытта дамытып, салып шықсам деген ойым бар.

Тапсырыспен сурет салғым келмейді

Жалпы суретшілер қалай күн көріп отыр?

Жұмыс істемеген адам нансыз қалатыны белгілі. Бірақ қазір сурет өнерінде жүрген адамдарға оңай болып тұрған жоқ. Не суреттен сабақ беретін мұғалім болып, қосымша шығармашылығыңмен айналысасың. Немесе тапсырысқа сурет салып күнелтесің. Бірақ бұл жерде шығармашылықтан айырыласың. Саған айтқан нәрсені салып берумен шектелесің. Шетелде суретшілерде ондай проблема жоқ. Өйткені суреттерді жалпы халықтық деңгейде бағалай біледі. Оның үстіне суреттер түрлі галереяларда сатылып жатады. Сонымен қатар, халық сурет өнеріндегі әртүрлі бағытты түсінеді, орта бар. Мәселен, реализм бағытында салсаң оның өз алушылары бар, абстракция салсаң оның өз бағалаушлары бар дегендей. Сондықтан шетелдік суретшілер аса қиналмайды.

Әлемге суретшілерімен ғана танылып отырған елдер бар  – суретші

Бізде көбінесе реалистік, ұлттық бағыттағы суреттерді жақсы бағалайды. Бірақ адам бір жерде тоқтап қалмау керек, жаңаша бағытты іздеу керек. Мынау халыққа ұнайды екен деп тек бір нәрсені істей беруге болмайды. Бүгінгі қоғамның тыныс-тіршілігі өнер адамдарының еңбегі арқылы көрініп отыру керек. Сондықтан 16-17-ші ғасырлардағы халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, мамыражай жайлауда көшіп-қонып жүрген салтын сала бергеннен гөрі ізденіске бет бұру қажет. Дәл қазіргі сәтті басқаша көрсете білуіміз керек. Өнер адамдарының уақыттан озып кететін тұстары да болады. Сонысымен де ол өнер, сонысымен дарынды. Халықты таңқалдыру үшін көп іздену керек, білім мен көрегендік болу қажет. Сонда ғана сенің өнерің ары қарай өмір сүре алады. Өз уақытына да жауап береді, күн өткен сайын өз құндылығын да арттыра береді. Ондайға тырысып жатқан адамдар көп. Арамызда жасап жатқандар да болуы мүмкін.

Қазір картиналарым топырлап өтіп жатыр деп айта алмаймын. Өз басым оқу бітіргелі тапсырысқа сурет салуды қойғанмын. Өйткені біреудің ойымен шектеліп қаласың. Бұл жерде шығармашылық жоқ, ол тек коммерция. Алғаш үйленген жылдары тапсырысқа сурет салатынмын, кейін шығармашылық қуатым әлсіреп бара жатқанын сезген соң одан бас тарттым. Біздің қазір салып жатқан дүниеміз бүгін бағланбаса, ертең бағалануы мүмкін. Бастысы өз қалауыммен саламын. Сондықтан таза шығармашылықпен айналысу үшін ештеңеге алаңдамай, бүкіл пейіліңмен кірісу керексің. Сабақ беріп келіп немесе такси болып келіп шығармашылықпен айналысамын деу әурешілік.

Әлемге суретшілерімен ғана танылып отырған елдер бар  – суретші

Өз буынымды бақылап отырамын деп қалдыңыз, сол сияқты шетелдік суретшілер не салып жатқанын да қадағалап отыратын шығарсыз?

Әрине. 19-шы ғасырдың соңы мен 20-шы ғасырдың басында шетел суретшілерінен бізге майлы бояу келе бастады. Бірақ бұл оған дейін бізде бояу қолданбады деген сөз емес. Қазір қазба жұмыстарынан ата-бабамыз ерте заманнан бояуды пайдаланғанын көріп жатырмыз. Бізде жалпы қолөнер жақсы дамыған. Мәселен, түскиіз, алашаның барлығын бірнеше түске бояп келген. Бұдан қазақ халқы бояуға, түске жақын екенін көреміз. Ата-бабамыз жосадан, тастағы қынадан бояу алғанын білеміз. Жартасқа қашалып салынған қандай керемет суреттер бар. Мен әлі күнге дейін олардың стилизациясына таңқаламын. Мысалы сол дүниелерден Пикассо сияқты суретшілер шабыт алып кубизм деген бағытты өмірге әкелді. Сондай-ақ Модильяни деген суретші адамдардың бейнесін созып салумен өз бағытын қалыптастырды. Сол сияқты қазіргі шетелдік суретшілерден Олафур, Айбибей, Мураками деген жапондық мықты қылқалам иелері бар. Олардың барлығын бақылап, тәжірибе алмастырып отырамын. Дегенмен оларға берілген мүмкіндік, жасап отырған орталары, олардағы өнерге деген көзқарас бәрібір бізден өзгеше. Олар сондықтан қорықпай түрлі эксперимент жасай алады, қаржы жағынан қиналмайды. Өнерде ештеңеден қорықпай эксперимент жасай білу керек, материалдан аянып қалмау керек. Не істегің келеді, арғы жағың саған недеп сыбырлап тұр соны емін-еркін жасауың керек. Сол кезде нәтиже болады. Біздегі Жатнай Шарденов эксперимент жасаудан қорықпаған, жағдайы жеткенше жасаған. Кім біледі қазіргі суретшілер де жаңа бағытты қалыптастырып жатқан шығар. Бірақ соны бағалау жағы бізде кемшін. Жалпы сурет салу тоқтамай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беру керек. Бір ғасырда мықты бір суретші шығып жатса оның өзі жаман емес. Сондай-ақ үкімет тарапынан қолдау болса дейміз. Өнер мен мәдениет дамыған кезде басқа салаларға әсер ете бастайды. Мысалы дизайнер, сәулетші кім, олар суретшіден шығады. Дизайнер дегенде киім дизайнері, үйдің интерер дизайнері бар, әртүрлі жиһаз дизайнері бар. Қолданыстағы заттың барлығы алдымен суретшінің қолымен эскизі сызылып, содан кейін материалмен жасалады. Сондықтан бұл бағытты үкімет қолына алып, дамыту керек. Мысалы көрмелерді көптеп ұйымдастырса, суретшілерді шеберханамен қамтамасыз етуге қолқабыс етсе, оған қоса жақсы дүниелерді бағалап музей, көрмелерге қойып отырса. Жалпы суретші деген көп сөйлей бермейтін, шеберханасында жұмысын істеп тыныш отыра беретін адамдар. Соларды тыңдап, қандай қажеттіліктері барын біліп отырса дұрыс болар еді. Қарап отырсақ Франция осы суретшілерімен-ақ әлемге танылып отыр. Сол жерде шыққан құнды экспонаттарымен танымал. Ондай дүние бізде шықпайды деп айта алмаймын, бізде де шығады, өйткені талантты халықпыз. Тек барымызды бағалай білуіміз керек. Кеше ғана жарқ етіп Димашымыз әлемге танылды. Оның өзін де шетел мойындаған соң барып қана көкке көтердік. Сол сияқты танылмай жүрген мықты суретшілер де арамызда жүр. Соны бағалап, шығара білуіміз керек.

Әңгімеңізге рахмет!


Өзгелердің жаңалығы