Әлемге біздің де береріміз бар – Кенжеханұлы

20 Қараша 2020, 13:52
1931
Бөлісу:
Әлемге біздің де береріміз бар – Кенжеханұлы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Рухани жаңғыру: «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясындағы Ұлттық аударма бюросының жұмысы» тақырыбында онлайн брифинг барысында қоғам қайраткері, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы «біз тек ала берсек, ілгері дамыған елдердің арасынан өз орнымызды табуымыз күрделі болар еді» деген пікірде.

Кейбір дүние Қазақстанның тәжірибесіне бейімделді. Мысалы «Жеке қаражат» деп аталатын әрқайсымыздың жеке қаражатымызды жүйелеп, басқару, жоспарлауға арналған. Бұл оқулықтың теориясын ағылшын тілінен алғанымызбен, практикасын Қазақстанның тәжірибесіне келтірдік. Яғни, мұнда біздің елдің заңдары мен тәжірибесі толық ескерілген. Бұл тек қана аударма емес, еліміздегі жағдай, күнделікті өмір, тіпті мәдени бағыттағы оқулықтарды біздің қабылдауымызға бейімдеу тұрғысынан қаралды, - деді ол. 

Рауан Кенжеханұлы әлемге біздің де береріміз бар дейді.

Егер біз тек ала берсек, ілгері дамыған елдердің арасынан өз орнымызды табуымыз күрделі болар еді. Осы тұрғыдан біздің де ерекше мәдениеттің мұрагері ретінде әлемге береріміз бар. Мысалы биыл ұлы Абайдың 175 жылдығы, атқарылып жатқан шаралар аясында Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, Абай шығармаларының жинағы әлемнің 10 тіліне аударылды. Мұның бәрін дайындауға 10 тілде жұмыс істейтін беделі жоғары баспа ұйымдары қатысты. Мысалы ағылшын тіліндегі аударманы Кембридж университетінің баспасы шығарды. Испан тіліндегі аудармасына әйгілі Сервантес институты араласты. Он тіл – ағылшын, араб, испан, итальян, неміс, түрік, француз, жапон, орыс және т.б. Бұл тілдердің біразына Абай бұрын-соңды мүлдем аударылмаған еді. Он тілдің жетеуіне Абай қазақ тілінен тікелей аударылды. Бұл ретте ғылыми ғана емес, көркем аударма тұрғысынан да алға жылжыдық деп ауыз толтырып айтуға болады, - деді ол. 

 

Айта кетейік, бұған дейін Рауан Кенжеханұлы оқулықтарды аударуға ұлттық университеттердің мамандары кеңінен тартылғанын айтқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы