Дүниежүзілік ядролық қауымдастық Қазақстанды атом энергетикасын дамыту жөніндегі жоспардан алғашқы атом электр станциясын салу кезеңіне өткен «жаңадан бастаған елдер» тобына қосты. Бұл туралы қауымдастық 21 қазанда жаңартқан World Nuclear Outlook Report 2026 баяндамасында айтылған. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан Балқаш көлінің маңында алғашқы атом реакторын салу жобасын жүзеге асыруда айтарлықтай ілгеріледі.
Баяндамада Ресей мен Қазақстан атом электр станциясын салу жөніндегі халықаралық келісімге, сондай-ақ экспорттық кредит туралы келісімге қол қойғаны атап өтілген.
«Жаңадан бастаған елдер» деген кімдер?
Қауымдастық атом энергетикасын дамытып жатқан мемлекеттерді бес топқа бөлген. «Жаңадан бастаған елдер» тобына алғашқы реакторы салынып жатқан, жобасы құрылысты бастауға жақындаған жоғары дайындық кезеңіне жеткен немесе алғашқы атом электр станциясын соңғы он жыл ішінде пайдалануға берген мемлекеттер енгізілген.
Қазақстаннан бөлек, бұл топқа Өзбекстан, Беларусь, Бангладеш, Мысыр, Польша, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері кірді.
Аталған елдердің ішінде Түркия мен Бангладеш алғашқы атом электр блоктарын іске қосуға бәрінен жақын. Олардың алғашқы энергоблоктары алдағы 12 ай ішінде пайдалануға берілуі тиіс.
Баяндама авторлары «жаңадан бастаған елдерді» төрт критерий бойынша бағалаған. Саяси қолдау деңгейі бойынша топтағы мемлекеттердің жартысы ең жоғары балл алған. Институттардың дайындығы мен жобалардың пысықталуы тұрғысынан елдердің басым бөлігі «орташадан жоғары» деген бағаға ие болған.
Ал ұлттық қуаттылық мақсаттарына қол жеткізу мүмкіндігі ең әлсіз көрсеткіш ретінде бағаланған. Топтағы елдердің 63 пайызында бұл көрсеткіш «орташадан төмен» деңгейде.
Болашаққа берілген кеңес
Қауымдастықтың бұл елдерге берген басты ұсынысы – алғашқы атом электр станциясын бір реттік жоба ретінде қарастырмай, тұтас атом энергетикасы бағдарламасының бастамасына айналдыру.
Ол үшін кадрлар даярлау, реттеуші органдардың тәжірибесін қалыптастыру, жеткізушілермен жұмыс істеу және жобаларды басқару жүйесін кейінгі энергоблоктарды салу қажеттілігін ескере отырып, алдын ала жоспарлау маңызды.
Қауымдастық сарапшылары жаңа энергоблоктарды салу туралы шешімді алғашқы станцияның құрылысы аяқталғанға дейін кейінге қалдыруға болмайтынын ескертеді. Әйтпесе, осы уақыт ішінде дайындалған мамандар мен жеткізушілер басқа жобаларға ауысып, қалыптасқан тәжірибе мен әлеует жоғалуы мүмкін.
Әлемдік атом энергетикасында рекорд тіркелді
2025 жылы әлемдегі атом электр станциялары шамамен 2,7 мың ТВт·сағат электр энергиясын өндірді. Бұл – әлемдік электр энергиясы өндірісінің шамамен 9 пайызы. Атом энергетикасы саласында рекордтық көрсеткіш тіркелді.
Сол жылы 11 жаңа реактордың құрылысы басталды. Оның тоғызы Қытайда, екеуі Ресейде қолға алынған. Сонымен қатар үш реактор электр желісіне қосылып, жеті реактор біржола пайдаланудан шығарылды.
2050 жылға қарай әлемдік атом энергетикасының қуаттылығын үш есеге арттыру мақсатын 38 мемлекет қолдаған.
Қауымдастықтың есептеуінше, егер барлық мемлекет өз жоспарларын толық жүзеге асырса, әлемдегі атом энергетикасының жалпы қуаттылығы 1 467 ГВт-қа жетеді. Оның ішінде әзірге атом электр станциялары жоқ елдердің үлесіне 153 ГВт қуаттылық тиесілі болады.
Алайда бұл мақсатқа жету үшін атом реакторларын қазіргі қарқынмен салыстырғанда шамамен алты есе жылдам салу қажет.
Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың бас директоры Сама Бильбао-и-Леон әлемдік атом энергетикасының қуаттылығын 2050 жылға қарай үш есеге арттыру мақсатына қол жеткізуге болатынын атап өтті.
2050 жылға қарай атом энергетикасының қуаттылығын үш есеге арттыру мақсаты әлі де орындалуы мүмкін. Алайда бұл қажетті қуаттылық пайда болмай тұрып, әлдеқайда ертерек қабылданатын шешімдерге байланысты болады, – деп жазды ол.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда өзінің АЭС-і үшін уранның стратегиялық қоры құрылатыны белгілі болды. Бұл бастама елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, атом энергетикасының тұрақты дамуына бағытталған.
Тағы оқи отырыңыз: 6,5 трлн теңге, үш жаңа әуежай және АЭС: Жолдаудан соң қандай жобалар іске асады?