Әлемді дүрліктірген ақырзаман: Банктерде ақша жоғалып, интернет өше ме?

 ©BAQ.KZ коллажы 16 Қараша 2026, 17:04
16 Қараша 2026, 17:04
164
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Су қорын жинау, қолма-қол ақша шешіп алу, алтын мен оқ-дәрі сатып алу. Соңғы апталарда мессенджерлерде, соның ішінде Қазақстанда да, осындай кеңестер желі қолданушылары арасында бір-біріне жаппай жіберіліп жатыр. Бұған ертең, 17 қарашада хакерлер барлық банктік шоттарды нөлге түсіріп, интернет үш айға өшеді деген қауесет себеп болған.

Мамандар мұндай сценарийдің іс жүзінде мүмкін еместігін айтады. Дегенмен адамзат «кесте бойынша» болатын ақырзаманды бірінші рет күтіп отырған жоқ және әр жолы бункерге тығылып, дүние-мүлкін таратып немесе жаппай шам сатып алатындар табылатын.

Қазіргі қорқынышты алыпқашпа сөздің қайдан шыққанын және бұрынғыларының немен аяқталғанын баяндаймыз.

Қауесет қайдан шықты?

Бұл әңгімені X әлеуметтік желісіндегі Wesley есімді қолданушы бастаған. Ол даркнеттегі жасырын ақпарат көзіне сілтеме жасап, 17 қарашадан бастап төтенше оқиғалар болатынын айтып, шұғыл түрде азық-түлік, су, алтын, қару-жарақ пен қолма-қол ақша жинауға шақырған. Жазба Telegram желісіне лезде тарап, түрлі қастандық теорияларымен толығып, Қазақстанға да жетті. Біреулер бұл тақырыпты қаралым жинау үшін өршітсе, енді біреулер үрейлі хабарламаларды туыстарына «сақтық үшін» жіберіп жатты.

Алайда бұл күннің қарапайым ғана түсіндірмесі бар. 17 қарашада АҚШ-та ұлттық төтенше жағдайлар туралы хабарлау жүйесіне жоспарлы тексеру жүргізіледі. Бұл радио мен теледидардан берілетін бір минуттық сигнал ғана, ол тіпті телефондарға да келмейді.

Отқа май құйған тағы бір жайт – Еуропаның 17 елінің билігі халыққа 72 сағатқа жететін қажетті заттарды жинап қоюға кеңес беріп жатыр деген жарияланымдар болды. Шын мәнінде, Еурокомиссия мұндай мақсатты 2025 жылдың наурыз айында дағдарысқа дайындық стратегиясы аясында қойған және оның 17 қарашаға еш қатысы жоқ. Тіпті «Симпсондар» мультфильмі де еске алынды, онда 17 қараша күні расымен кездеседі, бірақ кейіпкерлер интернеттің өшуі туралы мүлде сөз қозғамайды.

Қазақстанда бұл қауесеттерді Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық банк жоққа шығарды.

Бәлкім, ертең кешке қарай-ақ бұл оқиға орындалмай қалған апокалипсистердің ұзын-сонар тізімін толықтыратын болар. Адамдар ақырзаманды нақты бір күнге талай рет белгілеген және әр жолы оған шын сенгендер табылған. Міне, ең танымал оқиғалар.

Орындалмай қалған ақырзамандар

1844 жылы америкалық уағызшы Уильям Миллер Екінші рет келу мен ақырзаман 22 қазанда болады деп есептеп шығарды. Оның мыңдаған ізбасарлары дүние-мүлкін таратып, егістіктерін жиналмаған күйі тастап, түні бойы дұға етіп күтті. Таң әдеттегідей атты, ал бұл күн тарихқа «Ұлы түңілу» деген атпен енді.

1910 жылы Жерге Галлей кометасы жақындады. Жер оның құйрығы арқылы өтетінін естіген көптеген адам құйрықтағы газдар планетаны улайды деп шешті. Жұрт терезе мен есік саңылауларын бітеп, ал пысықай саудагерлер «кометаға қарсы дәрілер» мен газтұтқыштарды қызу саудаға салды. Комета өтіп кетті, ешкім зардап шеккен жоқ. Ал әлгі дәрілер өз заманының ең сәтті маркетингтік айлаларының бірі ретінде есте қалды.

XX ғасырдың соңында «2000 жыл проблемасына» байланысты бүкіл планетаны үрей биледі. Компьютерлер датаның 1999-дан 2000-ға ауысуын түсінбей, банктер, электр станциялары мен ұшақтар істен шығады деген қорқыныш болды. Адамдар су, консервілер мен қолма-қол ақша жинап, генераторлар сатып алды. Бағдарламалар алдын ала түзетіліп, жаңа ғасыр ешбір ақаусыз дерлік басталды.

2007 жылы Ресейдің Пенза облысында өзін пайғамбар жариялаған адамның бірнеше ондаған ізбасары (арасында балалар да бар) 2008 жылдың көктемінде күтілген ақырзаманды күту үшін сайдың беткейінен қазылған үңгірге кіріп кетті. Оларды сыртқа шығуға көндіруге бірнеше ай кетті, ал соңғылары үңгірдің күмбезі құлай бастағанда ғана баспанадан шықты.

2008 жылы адамдардың бір бөлігі Үлкен адрон коллайдері Жерді жұтып қоятын қара құрдым жасайды деп шындап қорықты. Оны іске қосуға қарсы тіпті сотқа арыздар да түсті. Коллайдер әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр.

2011 жылы америкалық радиоуағызшы Гарольд Кэмпинг ақырзаманды 21 мамырға белгіледі. Оның кейбір ізбасарлары жұмыстарын тастап, жинаған ақшаларын ескерту жазылған жарнама қалқандарына жұмсады. Ақырзаман болмай қалған соң, Кэмпинг оны 21 қазанға шегерді. Ол күні де ештеңе болмады.

Ең шулысы 2012 жыл болды. Кең тараған нұсқа бойынша, 21 желтоқсанда ежелгі майялардың күнтізбесі, ал онымен бірге бүкіл адамзат тарихы аяқталуы тиіс еді. Ресейдің бірқатар қалаларында шам, сіріңке мен жарма жаппай сатып алынды, ал Францияның Бюгараш ауылына жергілікті тау планетадағы жалғыз құтқарушы орын болады деп сенген адамдар ағылды, тіпті билік ол жерге кіруді шектеуге мәжбүр болды. Ғалымдар майяларда біздегі жылдың аяқталуы сияқты кезекті үлкен жыл санау циклі ғана аяқталатынын түсіндірді. 22 желтоқсанда бәрі әдеттегідей оянды.

Шын мәнінде неден қорқу керек?

Бұл оқиғалардың барлығын бір нәрсе біріктіреді. Сабырлылыққа қарағанда үрей жақсырақ «сатылады» және одан әрдайым біреулер пайда табады. Жүз жыл бұрын бұл кометадан қорғайтын дәрі сатушылар болса, бүгінде олар – алаяқтар.

Олар банктердің атынан қоңырау шалып, хабарлама жазуы мүмкін, шоттардың жақын арада нөлге түсетінін айтып қорқытып, «жинақ ақшаны шұғыл құтқаруға», қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуға немесе СМС-тен келген кодты айтуға көндіруге тырысады.

Банктер ешқашан бұлай істемейді. Егер күмәндансаңыз, банкіңіздің ресми сайтындағы немесе картаның артқы жағындағы нөмірге өзіңіз қоңырау шалыңыз, ал алаяқтыққа күдік туындаса, 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласыңыз.

Айта кетейік, бұған дейін жаһандық техникалық ақау болып, АҚШ, Жапония және Австралияның мемлекеттік органдары байланыссыз қалғаны хабарланды. 

Наверх