Индонезия астанасы Джакартада винтовка және тапаншамен нысана көздеуден Әлем кубогі өтіп жатыр. Кеше Қазақстан құрамасының қоржынына екінші жүлде түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ Рrosports.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстандық Валерий Рахымжан мен Ирина Юнусметова пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуде қола медаль жеңіп алды. Қазақстан құрамасы аралас жұптар арасындағы жүлдеге таласта Оңтүстік Корея спортшыларын 16-10 есебімен жеңді. Екінші қола Аустрия мергендеріне бұйырды.
Айта кетейік, 29 қаңтарда Валерий Рахымжан пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуден жекелей сында 4-орын алған. Джакартадағы бәсекеге барлығы 15 қазақстандық спортшы аттанды. Олардың бәрі Әлем кубогі қарсаңында 10-26 қаңтар аралығында Кувейтте өткен оқу-жаттығу жиынына қатысқан.
Қазір Қазақстан және Польша құрамасы жалпы есепте 2 медальмен (1 күміс, 1 қола) 7-орында тұр.
Индонезиядағы сайыста (31 елден, 300-ге жуық спортшы келген) рейтинг ұпайлары сарапқа салынып жатыр. Ал бұл ұпайлар кейін Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік береді. Әлем кубогі 7 ақпанда мәресіне жетеді.