Алексей Цой ДДСҰ, ЮНИСЕФ, GAVI және A4HP өкілдерімен кездесті

26 Қараша 2020, 21:21
1403
Бөлісу:
Алексей Цой ДДСҰ, ЮНИСЕФ, GAVI және A4HP өкілдерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінде ведомство басшысы Алексей Цой халықаралық және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді.

Жүздесуге қатысушылар ҚР денсаулық сақтау жүйесіндегі қазіргі жағдаймен танысып, әріптестіктің перспективалық бағыттарын талқылады.

Күн тәртібіне COVID-19, вакцинация және жаңа инфекцияның таралуының алдын алу, оның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту, АИТВ/ЖИТС бар адамдарға медициналық көмек және мигранттарға медициналық қызмет мәселелері енгізілді.

Іс-шараға ДДСҰ-ның ҚР-дағы өкілі Кэролайн Кларинваль, медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі арнайы бағдарламаның директоры Сурайя Далил, ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия елдері үшін денсаулық сақтау жөніндегі өңірлік кеңесшісі Базиль Родригез, GAVI консультанттары Камилла Беретта және Каролин Стафел-Ванги, Alliance for Health Promotion (A4HP) консультанты Джоанна Кох қатысты.

Алексей Цой Денсаулық сақтау министрлігі үшін халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық өте маңызды екенін атап өтті.

Ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылдың мүмкіндігін жеткіліксіз пайдаланудамыз. Біз осы бағытта жұмысты жандандыруға және тараптар үшін өзара тиімді перспективалы бағыттарды бірлесіп айқындауға дайынбыз, - деді Алексей Цой.

Ол коронавирус індеті аясында Түркі кеңесі елдері ынтымақтастығының бірлігі мен беріктігі сыналғанын айтты. Инфекцияға қарсы күрес халықаралық ынтымақтастықтың, өзара әрекеттің және қолдаудың маңыздылығын көрсетті.

Эпидемия басталған сәттен бастап тығыз байланыстамыз, ақпарат алмасамыз, бірлескен іс-шаралрды үйлестіріп, өзара көмек көрсетудеміз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан халқына COVID-19-ға қарсы күресте гуманитарлық және практикалық көмек көрсеткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына, ЮНИСЕФ-ке және өзгелерге, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарға осы мәселелерді шешуге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіремін, - деді Денсаулық сақтау министрі.

ДДҰ-ның алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі арнайы бағдарламасының директоры Сурайя Далил МСАК мәселелерін шешудегі Қазақстанның жетекші рөлін жоғары бағалап, COVID-19-ға қарсы вакцинациялауды жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар тұрақты түрде пікір алмасуға уағдаласты, жыл сайын серіктестік нәтижесін қорытындылау туралы және бірлескен шараларды іске асырып, жоспарларды нақтылау туралы шешім қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы