Бұл туралы Премьер-министрдің орынбаспры Алтай Көлгінов мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ.
Дәрігерлер адам дүниеге келгенінен бастап өмірінің соңына дейін қызмет етеді. Біздің міндетіміз – медициналық көмек көрсетудің сапасын жаңа деңгейге шығару. Егер ірі қалалар мен облыс орталықтарында медициналық инфрақұрылым бар болса, шалғайдағы ауылдар мен аудандарда ішінара жоқ әрі ол тиісті деңгейде дамымаған. Денсаулық сақтау жүйесін жақсарту әрі сапалы көмек алу үшін тиісті жағдай жасау мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы әзірленді. Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында медициналық көмектің қолжетімділігі және оны одан әрі дамыту мәселелері талқыланды, – деді Алтай Көлгінов.
Оның атап өтуінше, 2023-2025 жылдар аралығында ел өңірлерінде және шалғай ауылдарда 650-ден астам алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынады.
Биыл ел өңірлерінде 300-ден астам алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанының құрылысы басталады. Сондай-ақ 32 ауданаралық орталық ауруханаға күрделі жөндеу және реконструкциялау жүргізіледі. Бұл шаралар «алтын уақыт» қағидаты бойынша жергілікті орындарда медициналық көмек алуға мүмкіндік береді, – деді вице-премьер.
Сонымен қатар Көлгіновтың мәлімдеуінше, биыл өңірлерде 8 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталады, Астанада инфекциялық аурулар бойынша Ұлттық ғылыми орталық пайдалануға беріледі, Көкшетауда 630 төсекке арналған көпсалалы аурухананың құрылысы басталады.
Осыған дейін аталған шаралар 2022 жылы өлім-жітімді 30%-ға қысқартуға мүмкіндік берді, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 34%-ға, қатерлі ісіктен – 8%-ға, тыныс алу органдары ауруларынан – 1,7 есе төмендегені байқалады. Ал туберкулезден болатын өлім-жітім 12,5%-ға төмендеді және т.б. Медициналық көмек көрсету сапасын арттыру және ауруларды ерте анықтау арқылы өлім-жітім көрсеткішін төмендету қажет, – деді Көлгінов.
Ол биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту жұмысы басталатынын атап өтті.
Оған мыналар кіреді: Заманауи онкологиялық орталықтарды құру, шағын инвазивті хирургия мен интервенциялық емдеу әдістерін дамыту, ісікке қарсы дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін арттыру, диагностикалық жабдықтарды жаңғырту, – деп жазды ол.