Алдағы екі жылда 24 мектеп пайдалануға беріледі

1 Тамыз 2023, 16:23
844
Бөлісу:
Алдағы екі жылда 24 мектеп пайдалануға беріледі
Фото: Артём Чурсинов - архив

Алдағы екі жылда елордада 88 800 орынға негізделген 24 мектеп салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев айтты.

Қазір елорда мектептеріндегі орын тапшылығы 26 454-ті құрайды. Мәселені шешу үшін бүгінде 15 717 орынға негізделген 11 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы екі жылда қолданысқа берілетін 24 білім ошағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынады, - деді басқарма басшысы. 

Қасымхан Сенғазыев шаһардағы адам саны жыл санап көбейіп келе жатқан аудандарға мектеп салу мәселесі қалай жүріп жатқанына тоқталды. 

Қазір Нұра ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Қолданысқа 2024-2025 жылдары беріледі. Sport City тұрғын алабының халқы 2400 орынға негізделген білім ошағының игілігін биыл көреді. Оқушылар мұнда 3-тоқсаннан бастап білім ала алады. Сондай-ақ Тұран көшесі бойында 2 оқу ордасы 2024-2025 жылдары пайдалануға беріледі, - деді Қасымхан Сенғазыев.

Бұған дейін Астанада жаңа оқу жылында 255 мыңға жуық бала мектепке баратыны хабарланды. Сондай-ақ «Мектепке жол акциясы» бойынша Астанада материалдық көмек кімге тиесілі екенін айтылды.

Назерке Өтеген

Өзгелердің жаңалығы