Ресейде телефон алаяқтарының тапсырмасымен кафе өртеген 37 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға Новосибирск қаласында тіркелді. Күдікті қылмысты Санкт-Петербургте жасап, кейін өз қаласына қайтып келген жерде қолға түскен.
Рен-ТВ арнасының мәліметінше, оқиға 14 тамыз күні Санкт-Петербург қаласындағы Чугунная көшесінде болған. Белгісіз адам кафе ішіне от қойып, нәтижесінде ғимарат толықтай өртеніп кеткен. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды толық сөндіргенімен, нысанға елеулі зақым келген.
Кафе иесі бұл әрекетті қасақана жасалған өртеу деп бағалап, полицияға арыз түсірген. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің Новосибирск қаласының тұрғыны екені анықталды. Тергеу мәліметінше, ер адам бұл әрекетті телефон арқылы байланысқан алаяқтардың нұсқауымен жасаған. Қылмысты орындағаннан кейін ол туған қаласына оралып, сол жерде ұсталды.
Белгілі болғандай, күдікті бұрын да сотты болған.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.