Алатау қаласының мұғалімдері наразылыққа шықты

2 Қазан 2024, 11:50
6724
Бөлісу:
Алатау қаласының мұғалімдері наразылыққа шықты
Фото: скриншот

Алматы облысында жаңадан құрылған Алатау қаласының ұстаздары билік басындағыларға жүгінді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Мектеп мұғалімдері жалақының едәуір бөлігі белгісіз себептермен қысқартылып жатқанын айтып шағымданды.

Аталған жағдайға Алатау қаласы Білім бөлімінің баспасөз қызметі түсінік берді.

2024 жылғы 1 қазанда Алатау қаласындағы №1 және №47 мектептерінің педагогикалық ұжымдары жергілікті мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесті. Бұған дейін аталған мектеп ұжымдары әкімшілік-аумақтық құрылыстың өзгеруіне байланысты жалақы мөлшерінің өзгеруіне қатысты алаңдаушылықтарын білдірген болатын. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 9 қаңтардан бастап Алатау қаласының құрамына бұрын Алматы облысының Қонаев қаласына, Іле және Талғар аудандарына қарасты бірқатар елді мекендер енгізілді. Осыған орай, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған аумақтарда тұратын бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесінде өзгерістер орын алды, - деді Білім бөлімінің баспасөз қызметінен.

Туындаған мәселелерді жан-жақты қарау мақсатында кездесуге Алатау қаласы әкімінің орынбасары, қалалық білім бөлімінің басшысы, сондай-ақ облыстық білім және ішкі саясат басқармаларының өкілдері қатысқан.

Нәтижелі диалог барысында еңбекақы төлеу мәселелерімен қатар, тұрғындардың өзекті мәселелері - көлікпен қамтамасыз ету, қоқыс шығару, газбен жабдықтау мәселелері де талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша педагогикалық ұжымдармен өзара түсіністікке қол жеткізілді, - деді Алатау қаласы Білім бөлімінің баспасөз қызметінен.

Өзгелердің жаңалығы