Алакөлге жүретін вагондар саны көбейеді – ШҚО әкімі

5 Маусым 2021, 18:35
3245
Бөлісу:
Алакөлге жүретін вагондар саны көбейеді – ШҚО әкімі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов Facebook-тегі әлеуметтік желісінде «Жалаңашкөл» станциясына дейін қатынайтын теміржол вагондарының санын арттыру мәселесі қаралып жатқанын жазды.

Туристік маусым қарсаңында Үржар ауылындағы әуежайдың жабылуына байланысты, біздің тарапымыздан ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, «Жалаңашкөл» станциясына дейін қатынайтын теміржол вагондарының санын арттыру мәселесі пысықталды.

Бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Семей қалаларынан төрт бағыт бойынша теміржол қатынасын ұлғайту қамтамасыз етілді.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласынан тұрақты түрде жұп күндері 352 орынға 8 вагон қатынап келген. Биыл 18 маусымнан бастап, «Алматы – Достық» бағытында аптасына үш рет жүретін, 560 орындыққа шақталған 10 вагондық жаңа 1 пойыз іске қосылады. Сондай-ақ осы күннен бастап «Тұран экспресс» жеке тасымалдаушысы аталған бағыт бойынша 11 вагоны бар 504 орындық тағы бір пойыздың қатынасын қамтамасыз етеді. Осылайша, Алакөлге жөнелтілетін вагондардың жалпы саны 29 жетеді, - деді ол.

Облыс әкімінің айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласынан аптасына екі рет 456 орындық 10 вагонмен «Нұр-Сұлтан – Достық» бағытында 1 тұрақты пойыз жұмыс істейді. Маусым басталғаннан соң, аптасына екі рет жиілікпен қосымша 456 орындық 10 вагоны бар «Нұр-Сұлтан – Достық» жазғы пойызы қызметін бастайды. Бұдан басқа, 18 маусымнан бастап «Арай Транс» жеке тасымалдаушысы 176 орындық 4 вагоны бар «Нұр-Сұлтан – Достық» бағыты бойынша тағы бір пойызды іске қосады. Астанадан Алакөлге қатынайтын вагондардың жалпы саны 24 бірлікті құрайды.

Семей және Өскемен қалаларынан жазғы кезеңде облыстық бюджеттен субсидияланатын 2 пойыз, тиісінше 416 және 364 орынға 8 және 7 вагоннан жұмыс істейді. Бұған дейінгі жылдары 260 орындық 5 вагон болғанын атап өткім келеді. «Қала маңы тасымалдары» АҚ-мен жүргізілген келіссөздерден кейін вагон санын 15 бірлікке дейін арттыру туралы келісімге қол жеткізілді. Орын саны 780-ге жетті. Билет құны былтырғы деңгейінде 3780 теңге көлемінде қалады, - деп жазды Ахметов.

Осылайша, Нұр-Сұлтан, Алматы, сондай-ақ Өскемен және Семей қалаларынан қатынайтын вагондардың жалпы саны 68-ді құрайды.

Сонымен қатар, биыл автобустар саны да 2 есеге артты. Жаз мезгілінде облыстың екі қаласынан күн сайын 768 орындық 16 автобус қатынайды.

Өзгелердің жаңалығы