Ақтөбе облысының әкімі Конституция күнімен құттықтады

30 Тамыз 2021, 14:27
9453
Бөлісу:
Ақтөбе облысының әкімі Конституция күнімен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Біздің Ата Заңымыз – халықаралық сараптамаларға жүгінсек, әлемдегі ең жас, әрі жалпыазаматтық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік конституциялардың бірі, деп жазды Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Facebook-тегі парақшасында.

Құрметті ақтөбеліктер! Баршаңызды еліміздің мерейлі мерекесі - Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біздің Ата Заңымыз – халықаралық сараптамаларға жүгінсек, әлемдегі ең жас, әрі жалпыазаматтық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік конституциялардың бірі. Ата Заңда бекітілген конституциялық нормалар бүгінде өзінің өміршеңдігін, заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Біздің Конституциямыз, ең алдымен, елдің бірлігі мен қоғамның қауіпсіздігін, ұлттар мен ұлыстардың ауызбірлігін, ең бастысы – жеке адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғайды, - деді ол.

Әкімнің сөзінше, жаһандану заманында алдына жасампаз мақсаттар қойған біздің халық үшін Ата Заңымыз еліміздің ерекшеліктерін ескере алған әлемдегі ең үздік конституциялардың қатарынан орын тебуі бағытымыздың дұрыс екенін көрсетеді.

Бір сөзбен айтқанда, Конституция Тәуелсіздігіміздің кепілі ретінде бірлігімізді бекемдеп, экономикамызды нығайтуда, әлеуметтің әлеуетін арттыруда берік тұтқаға айналды. Биыл Ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толуда. Осы жылдар ішінде республикамызда ғасырға татырлық ғаламат істер атқарылды. Әрине, біз, талай қиыншылық пен экономикалық дағдарыстарды, саяси сындарды бастан өткізіп келеміз. Бәсекелестік талаптары күшейді. Адамзат үшін мүлде жаңа экономикалық, технологиялық, ақпараттық және мәдени орта қалыптасуда. Біз жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, XXI ғасырдағы озық елдердің қатарына кіруді ұлы мақсат еттік. Және кездесіп жатқан тосқауылдарға қарамастан сол мақсатымызға біртіндеп жетіп келеміз, - деді Оразалин.

Облыс басшысы Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің басты құжаты екенін атап өтті.

Құрметті жерлестер! Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің басты құжаты. Олай болса, демократиялық құндылықтарды бекітіп, құқықтық тұғырымызды берік орнықтырып берген Ата Заңымызды әрқашан да қастерлеу, құрметтеу, оны насихаттау басты парызымыз болуы тиіс. Барша жерлесімізге, отбасыларына амандық, зор денсаулық, елімізге бейбітшілік пен тыныштық, ауызбіршілік тілеймін.Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз еңселі, бірлігіміз бекем болғай! Мерекелеріңіз құтты болсын!, - деп құттықтауын жолдады әкім.

Өзгелердің жаңалығы