Ақсуда көпбалалы отбасыларға арналған шағын аудан бой көтереді

27 Тамыз 2019, 18:47
1942
Бөлісу:
Ақсуда көпбалалы отбасыларға арналған шағын аудан бой көтереді
PHOTO
Фото: автордан

Павлодар облысы. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің Ақсу қаласында көпбалалы отбасылар үшін шағын аудан бой көтереді.

Қазіргі уақытта мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатқа 26 екі пәтерлі үй салынып жатыр. Құрылыс барысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары танысып, мердігерлермен жүздесті.

Үстіміздегі жылғы қыркүйек айында бұл шағын ауданға алғашқы отбасылар қоныстанады. Бас-аяғы 58 жанұя баспаналы болмақ. Құрылысшылардың айтуынша, нысандардың барлығы орталықтандырылған жылу және су жүйесімен қамтылады. Сонымен қатар, әр үйдің маңында 10 сотық жер қарастырылған. Жер учаскелері аула шаруашылығын дамытуға арналған.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, азаматтар пәтерлерге жалға алу құқығы негізінде ие болады. Үйдің бағасы бес мың теңгеден аспайды.

«Біздің мақсатымыз «Құтты мекен» партиялық бағдарламасы шеңберінде «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылу барысын бақылау. Құрылыс жұмыстарымен танысып, сапалы жүргізіліп жатқанына көзімізді жеткізуіміз керек. Бүгінде көпбалалы отбасыларға қолдау бар. Мәселен, жер үйлердің маңында қосымша жер учаскелері қарастырылған. Тұрғындар бау-бақша салу немесе өзге шаруашылықтарын дөңгелету мүмкіндігіне ие», - дейді Нұрлан Әбдіров.

ак1.PNG

Бүгінде «Нұр Отан» партиясының «Халыққа көмек» бағдарламасы шеңберінде көпбалалы отбасылар қамқорлыққа алынған.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жұлдыз Тәйкебаеваның мәліметінше, бүгінгі күні 800-ге жуық отбасының әлеуметтік төлқұжаттары жасалды. Әлеуметтік әлжуз топтарға жататын жанұяларда 3254 бала тәрбиеленуде. Бұл санаттағы көпбалалы отбасылардың 358 атаулы әлеуметтік көмек алып келеді.

Айта кетейік, Павлодарда тұрмыстық жағдайы жақсы болғанмен, атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген бес отбасы анықталды. Соңғы үш ай ішінде өңірде мемлекеттен көмек алушылар қатары бес есеге арта түскен. 2019 жылдың бірінші тоқсанында атаулы көмекті 1176 отбасы немесе 5184 адам болса, екінші тоқсанда көмек алушылардың қатары 6 мыңға жуықтап кетті.

Бұған жол бермеу мақсатында партия мамандары бақылау жұмыстарын күшейтіліп, әлеуметтік әлжуаз топтарға көмек көрсету механизмі жетілдірілмек. 

Өзгелердің жаңалығы