Ақсуда анасы мен екі баланы өлтірген күдікті ұсталды

12 Шілде 2021, 21:38
6827
Бөлісу:
Ақсуда анасы мен екі баланы өлтірген күдікті ұсталды
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақсулық полицейлер әйел мен екі жас баланы өлтірген күдіктіні ұстады. Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында әйел мен оның кәмелетке толмаған балаларын өлтірген күдіктіні ұстады. Заттай айғақтар мен қылмыс құралдары тәркіленді, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі. 

Полицейлердің мәліметінше, ұсталған адам қаза тапқан әйелмен танысы болған.

Күдіктінің әйелмен таныс екендігі анықталды. 11 шілдеде сағат түнгі 03.00-де олардың арасында келіспеушілік болып, ұрсысып, жанжал болған. Ашу үстінде 36 жастағы қала тұрғыны 35 жастағы әйелге бірнеше жерден пышақ салған. Түн ортасындағы шудан балалар оянған. Ер адам балаларға да бірнеше пышақ жарақатын салған, - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сотқа дейінгі тергеу екі бап бойынша жүргізіледі. ҚР ҚК 99 - бабы 2-бөлігінің 1-тармағы және 99-бабының 3-бөлігі бойынша, - деп атап өтті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, Ақсу қаласында пәтерлердің бірінен әйел мен екі баласының мәйіті табылғандығы туралы хабарлаған болатынбыз.
Өзгелердің жаңалығы