АҚШ сарапшылары Қазақстандағы авиациялық қауіпсіздік деңгейіне баға берді

3 Қараша 2021, 09:56
930
Бөлісу:
АҚШ сарапшылары Қазақстандағы авиациялық қауіпсіздік деңгейіне баға берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жүргізілген шолу нәтижелері бойынша АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігінің (TSA) сарапшылары елдегі авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жоғары деңгейін атап өтті және азаматтық авиацияны заңсыз араласу актілерінен қорғау бойынша жүргізіліп жатқан шараларға оң баға берді, деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.

Қазақстанның авиациялық билік орындарының шақыруы бойынша қазақстандық әуежайларды рейстерге қызмет көрсету қабілетіне сертификаттау және Америка Құрама Штаттарына тікелей әуе маршрутын ашу үшін CAT1 тағайындау бойынша жұмыстар басталды. TSA сарапшылары авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайын бағалау мақсатында Азаматтық авиация комитетінде, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әуежайларында болды.

TSA командасы авиациялық қауіпсіздік саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер мен сапаны бақылау іс-шаралары Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкес келетінін атап өтті. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әуежайларында жүргізілетін шаралар мен рәсімдер халықаралық талаптарға сай келеді, ал кейбір аспектілер бойынша шаралар белгіленген стандарттардан да жоғары. 

Мысалы, әуежайдың периметрін күзету және қорғау, қолжетімділігі күзетілетін аймақтарда кіруді бақылауды қамтамасыз ету, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін персоналды іріктеу және біліктілігін арттыру, бортта тамақтану, жүкті және поштаны тексеру жөніндегі шаралар.    

Кейбір салаларда сарапшылар киберқауіпсіздік, азаматтық авиацияны ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану арқылы заңсыз араласу актілерінен қорғау және жолаушыларды тексеру кезінде қолданылатын әуежайлардағы тексеру жабдықтарын жаңғырту саласындағы шараларды жетілдіру мүмкіндіктерін атап өтті. Жолаушыларды үш өлшемді сканерлеу жабдығына (боди-сканерлер) біртіндеп көшу және тексеру пункттерінде жарылғыш заттардың заманауи детекторларын пайдалану, - делінген ақпаратта.

Авиациялық персоналды және олардың заттарын тексеру рәсімдерін, рейстердің ұлғаюына байланысты тексеру пункттері мен бекеттерінің санына байланысты авиациялық қауіпсіздік қызметіндегі кадрларды жасақтау жөніндегі шараларды жақсарту бойынша ұсынымдар берілді.

АҚШ сарапшылары Қазақстандағы авиациялық қауіпсіздік деңгейіне баға берді

Сонымен қатар, Қазақстан әуежайларының ішінде ең үздік болып саналатын Алматы әуежайында кинология бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстар атап өтілді.

Сарапшылар Азаматтық авиация комитетінің, Авиациялық реттеуші мен әуежайлардың үйлесімді жұмысын бағалады, аудиторлар алдында ашықтықты атап өтті. TSA командасы біздің мамандармен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша озық тәжірибемен алмасу бойынша консультациялар өткізді, барлық туындаған мәселелер бойынша түсініктемелер берді, - деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен АҚШ-тың Көлік қауіпсіздігі әкімшілігі арасындағы ынтымақтастықты АҚШ-қа тікелей рейстер ашу шеңберінде жалғастыру және кеңейту туралы шешім қабылданды.


Өзгелердің жаңалығы