Әкімдік барлық басталған жобаны уақытылы іске қосу керек - Үкімет басшысы

11 Тамыз 2023, 21:32
866
Бөлісу:
Әкімдік барлық басталған жобаны уақытылы іске қосу керек - Үкімет басшысы
Фото: primeminister.kz

Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Премьер-министр Әлихан Смайылов өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іске асырылып жатқан шаралар мен жобалар, сондай-ақ проблемалық мәселелерді шешу туралы өңір әкімі Нұржан Нұржігітов, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, экология және табиғи ресурстар вице-министрі Галидулла Азидуллин, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов, ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник баяндама жасады.

Премьер-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда өңір үшін ең өзекті мәселелердің бірі сумен қамтамасыз ету болып отыр. Мәселен, облыстағы 367 ауылдың 285-і ғана ауыз сумен қамтылған. Облыс орталығы орталықтандырылған сумен 94%-ға, Шу қаласы 67%-ға қамтамасыз етілген.

Оған қоса су тарту бойынша да проблемалар бар. Атап айтқанда, облыс орталығында кәріз-тазарту құрылыстары жоқ, ал 1962 жылы салынған ағын суларды сүзу алаңдарының әбден тозығы жеткен.

Шу және Талас өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуіне, суару жүйелерінің тозуына байланысты облыс егіншілері жыл сайын судан тапшылық көріп отыр. Осы мәселелер бойынша шұғыл және түбегейлі шаралар қабылдау керек, — деді Әлихан Смайылов.

Осыған байланысты Үкімет басшысы су үнемдейтін технологияларды белсенді пайдаланып, гидротехникалық құрылыстарды жаңғыртып, магистралдық каналдарды бетондау қажеттігін айтты. Оған қоса вегетациялық кезеңде судың ысырабын болдырмау үшін үш үлкен су қоймасын, сондай-ақ бірқатар шағын су қоймасын салу керек.

Өңірдің даму перспективаларын ескере отырып, Премьер-Министр жылумен жабдықтау нысандары мен желілеріне, оның ішінде моноқалаларда техникалық тексеру және жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы айтты. Аталған іс-шараларды қаржыландыру үшін биылдан бастап «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік бағдарлама кезең-кезеңмен енгізілуде.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында жаңа әлеуметтік нысандарды уақытылы ашудың, сондай-ақ халықтың табысын арттыру бағдарламасы мен «Ауыл аманаты» жобасын сапалы іске асырудың маңызына тоқталды.

Үкімет басшысының сөзінше, өңірдің химия өнеркәсібін дамыту әлеуеті зор, сол себепті осы қарқынды сақтау қажет.

Облыста 2026 жылға дейін жалпы құны 2 трлн теңгені құрайтын, 4 мың жұмыс орынға арналған 60 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Әкімдік барлық басталған жобаны уақытылы іске қосып, жоспарланған жобалардың сапалы пысықталуын қамтамасыз етуі қажет, — деді Үкміет басшысы.

Бұдан басқа ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен молықтыру жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі айтылды, бұған ауыл шаруашылығының дамуы айтарлықтай дәрежеде ықпал ететін болады.

Үкімет жыл сайын отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау үшін қомақты қаржы бөледі. Тек Жамбыл облысының шаруаларына биыл бюджеттен 52 млрд теңге бөлінді, оның 27 млрд теңгесі – субсидиялар түрінде. Біз агроөнеркәсіп жобаларын іске асыруға әрі қарай да көмек көрсетеміз. Бірақ бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану керек, — деген Әлихан Смайылов Көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыруды жандандыруды тапсырды.

Премьер-министрдің айтуынша, өңірдің логистикалық әлеуеті де зор. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін дамыту аясында облыста республикалық маңызы бар 495 км автожол реконструкцияланды.

Бүгінде облыста республикалық маңызы бар 67 км жол күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның ішінде “Алматы – Ташкент – Термез” автожолының бөлігі де бар. Индустрия және инфрақұрымдық даму министрлігі әкімдікпен бірлесіп, конкурстық рәсімдерді өткізуді және техникалық құжаттаманы әзірлеуді жеделдетуі қажет, — деді ол.

Кеңес соңында Үкімет басшысы Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мойынқұм және Талас аудандарының елді мекендерін газдандыру жобаларына қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды, биофармацевтикалық зауыттың өндірістік қуатын ұлғайту мақсатында құрылыс жұмыстарының 2-кезеңін биыл жыл соңына дейін аяқтауды, сондай-ақ Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларындағы көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жобаларын қаржыландыру мәселесін қарастыруды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы