Әкім: Бизнесті қолдаймыз, бірақ олар кішкене шыдай тұрсын

22 Желтоқсан 2020, 23:05
1510
Бөлісу:
Әкім: Бизнесті қолдаймыз, бірақ олар кішкене шыдай тұрсын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппарат жиынында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін жеткізді.

Жағдай күн сайын сарапталып отыр. Негізі, коронавирус инфекциясы сырттан келеді, сырқат деректері профилактикалық тексеру кезінде анықталады. Төсек-орын жүктемесі 17%. Шетелден «Жайсаң», Әлімбет» көлік өту бекеттері мен әуе қатынасы арқылы келгендер арасында КВИ тіркелген жағдайлар бар. 6 қазаннан бері 46 мыңнан астам адам келсе, олардың 4500-інде ПТР тестінің нәтижесі жоқ және олар карантиндік стационарларға орналастырылды, 40 адамнан коронавирус анықталды,- деді Нұржауған Қалауов.

47 бақылау тобы 23 мың нысанға 9 мыңға жуық рейд жүргізіп, 1806 заңбұзушық анықталды, 1235 әкімшілік материал қаралды, 168,9 млн. теңге айыппұл салынды. Нұржауған Қалауов бақылау топтарының жеткіліксіз жұмыс істейтіндерін атап өтті.

1-22 желтоқсан аралығындағы кезеңде 1613 нысанға 442 рейд жүргізілді, алайда небәрі 172 айыппұл салынған. Қалада заңбұзушылықтың көп екенін ескерсек, бұл төмен көрсеткіш. Топтар жаңа жылдық мерекелерге байланысты өз міндеттеріне жауапкершілікпен қараулары керек, өйткені корпоративті іс-шараларға арналған үлкен жарнама науқаны басталды. Кейбір көңіл көтеретін орындар бұрын салынған айыппұлдарына қарамастан өз жұмыстарын жалғастырып отыр. Соған байланысты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жұмысын жандандыру керек: 16 қараша мен 8 желтоқсан аралығында карантин режимін бұзған 27 дерек анықталды, көңіл көтеретін орындардың жұмысын тоқтату туралы бұйрық жіберілді, алайда бір де бір кафе, не мейрамхана жабылған жоқ,- деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Ақтөбе қаласының әкімдігіне мереке күндері 11 бақылау тобының жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Біз бизнесті қолдаймыз, бірақ олар кішкене шыдай тұрулары керек, жеке бас жауапкшіліктерін сезінулері тиіс. Егер барлық талаптарды бұзып жұмыс істейтін болса кеселдің өршуіне жол береді. Осының алдын алу керек,- деді өңір басшысы.

Санитарлық-эпидемиологиялық департамент өкілдерінің карантин тәртібін бұзғандарды анықтау жұмыстарына қатысты ескерту берілді.

Сондай-ақ, бюджет қаражатын игеруге қатысты сұрақтар да қаралды.

Қаржы басқармасының басшысы Қайрат Райымқұловтың айтуынша облыс бюджетінің кіріс бөлігі биыл 100,8 млрд. теңгені құрап, жоспар 115,3% орындалған.

Өңір басшысы Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне бөлінген бюджет қаражатын игеруге және 2020 жылы қабылданған міндеттерді орындауға барынша күш жұмсауды тапсырып, игерілмеген жағдайда мемлекеттік орган басшылары мен мемлекеттік бағдарламалардың әкімшілері жеке бастарымен жауап беретіндерін ескертті.

Өзгелердің жаңалығы