Әкім Алтай хакім Абайды оқи ма? – елорда әкімі ұлы ақынның өлеңінен үзінді оқыды

18 Желтоқсан 2019, 15:44
6112
Бөлісу:
Әкім Алтай хакім Абайды оқи ма? – елорда әкімі ұлы ақынның өлеңінен үзінді оқыды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов есеп беру баспасөз мәслихатында ұлы Абайдың өлеңінен үзінді оқып берді.

Журналистердің бірі "Әкім Алтай хакім Абайды оқи ма?" деп сұрап, ақынның өлеңдерінен бір шумақ оқып беруін өтінді.

Келер жылы Абайдың 175 жылдығын атап өтеміз. "Абай әлемі" орталығын ашамыз. Тарихи құндылықтарды, деректерді сол жерге қоямыз. Ұлы Абай қазақтың талай кемшілігін көтерген, қазақтың болмысын, мәселесін айтқан. Абайдың қара сөздері дәл қазірге дейін өзектілігін жоғалтпады. "Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей", "Ақырын жүріп анық бас, еңбегің етпес далаға" деген. Түбіне келгенде бәрі еңбекке келіп тұр.

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап,

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап, - деп Көлгінов ұлы Абайдың бір шумақ өлеңін оқып берді.

Қала әкімі түптеп келгенде Абай сол кезден қазақ халқын ақыл-ойға, парасат пен мәдениетке, еңбекқорлыққа шақырғанын атап өтті.

Дархан даланың елордасында жұмыс істеп жатырмын. Әрқайсысымыз еңбек ететін болсақ, сол хакім Абайды ұмытпайтын болсақ, міндетті түрде нәтижеміз оң болады, - деп сөзін аяқтады қала әкімі. 

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі елорданың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қорытындылаған болатын. Сондай-ақ, Алтай Көлгінов халық санының көбеюіне байланысты жыл сайын 10 мектеп салу керектігін айтты. Сонымен бірге, ол Есілдің бойында үш көпір салынатынын да айтты. Ал келер жылы Нұр-Сұлтанда екі оңалту орталығы салынатынын хабарлады.
Өзгелердің жаңалығы