«Әкем анамды сабағаны дұрыс». Психолог зорлық-зомбылық көріп өскен балалар туралы айтты

18 Қаңтар 2024, 16:15
5374
Бөлісу:
«Әкем анамды сабағаны дұрыс». Психолог зорлық-зомбылық көріп өскен балалар туралы айтты
Фото: pixabay.com

Соңғы кезде елімізде отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі өте өзекті болып отыр. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық деген не? Оны не үшін жасайды? Жәбірленуші үйде зорлық-зомбылыққа ұшыраса не істеуі керек? Мұндай жағдайдың баланың болашақ өміріне әсері қандай? «Өркен» ұлттық ғылыми-практикалық балалардың хал-ахуалы институтының аға ғылыми қызметкері, педагог-психолог Назира Оспанбек BAQ.KZ тілшісіне берген сұқбатында зорлық-зомбылықтың себептері мен салдарлары жайлы әңгімелеп берді, деп хабарлайды.

- Отбасындағы зорлық-зомбылық деген не? Зорлық-зомбылық қалай жасалуы мүмкін? Түрлері қандай?

- Зорлық-зомбылық дегеніміз – бір адамның басқа адамға күш көрсетуі, әлімжеттік көрсетуі, физикалық не болмаса психикалық күш көрсету. Ал отбасындағы зорлық-зомбылық отбасында немесе некеде я болмаса некеге тұратын адамдар арасында біреуінің басқаларға қатысты күш көрсетуі, басқалардың үстінен билік жүргізуі, болмаса қарамағында ұстау мақсатындағы қарым-қатынастың бір түрі.

Зорлық-зомбылықтың 4 түрі бар:

Физикалық. Бұл жерде міндетті түрде ұру, соғу, итеру сияқты іс-әрекеттер қолданылады.

Психологиялық немесе моральдық-психикалық-эмоционалдық. Мұнда физикалыққа қарағанда, көбінесе сөзбен, адамның көңіл-күйіне, оның қабылдауына байланысты зорлық-зомбылық жасау, оның намысына, көңіліне тиетін сөздерді айту немесе бопсалау, күлкіге айналдыру, әдейі ызасына тиетін әрекетке жеткізу.

Жыныстық немесе сексуалдық. Бұл қазіргі таңда жиі кездесіп жатқан зорлық-зомбылықтың түрі. Өкінішке қарай, бұл жерде баланың жасына да, жынысына да қарамайтынына көзіміз жетіп жатыр. Жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған ұлдарымыз да, қыздарымыз да елімізде бар екені бәрімізге мәлім. Жыныстық зорлық-зомбылықта баланың еркінсіз не болмаса баланы білместіктен жыныстық қарым-қатынасқа итермелеп тартады. Яғни жыныстық зорлық-зомбылық ретінде тек қана қарым-қатынасқа түсу ғана емес, сонымен бірге осы тақырыпқа қатысты суреттерді қарау, мүшелерін көрсету, тиісу, ұстау, қалау деген сияқты процестер де қаралады.

Жыныстық зорлық-зомбылық - бұл психологиялық жарақаттың өте ауыр түрі. Себебі көбінесе мұндай жағдайларда физикалық та, психикалық та зорлық-зомбылықтар бірге әсер етуі мүмкін. Яғни адаммен жыныстық зорлық-зомбылыққа түскеннен кейін жәбірленушіні ұрып-соғуы да, «біреуге айтсаң, саған бірдеңе істеймін» деп оны бопсалауы да мүмкін.

Адамның (баланың) қажеттіліктеріне немқұрайлы қарау. Яғни бұл жерде кез келген адамның өсуіне, дамуына, білім алуына, жалпы оның күнделікті өмір сүруіне байланысты қажеттіліктерін қанағаттандырмауы. Мысалы, бала ауырып жатқан кезде оған дұрыс күтім көрсетпеу, дәрігерлерге жүгінбеу. Бала мектеп жасында болса, оның мектепке бару-бармауына байланысты шарт жасамау не болмаса жағдайын жасап бермеу. Осыдан баланың қажеттіліктеріне немқұрайлы қарағанын байқауға болады. Сонымен бірге тамақтануына, киім-кешегіне қатысты қажеттіліктеріне немқұрайлы қарау да зорлық-зомбылықтың бір түрі.

Жоғарыда айтылған зорлық-зомбылықтың әрқайсысы адамның тұлға ретінде дамуына, келешек өміріне әсер етеді. Болашақта адам ретінде, тұлға ретінде дамуына зорлық-зомбылықтың ең соңғы түрі қатты әсер етіп, салдары пайда болуы мүмкін. Яғни бұл немқұрайлы қарауға байланысты. Уақытында білім, ем алмаған, дұрыс тамақтанбаған баланың, адамның ағзасы уақыт өте келе өзінің салдарларын көрсетіп жатады.

- Зорлық-зомбылықты не үшін жасайды? Оған не себеп болуы мүмкін?

- Себептер сан түрлі. Жер бетінше қанша адам болса, сонша себеп болуы мүмкін. Әр адамда мінез бар, әр адамның ерекшелігі бар. Бірақ әлеуметтік тұрғыдан алып қарайтын болсақ, ең алдымен адамның қандай да бір дүниеге, мысалы, ішімдікке, нашақорлыққа әуестігі, тәуелдігі болуы не болмаса ойынға құмарлығы. Екіншіден, жұмыссыздық. Жұмыс істемей, күнде күшін, энергиясын қайда жұмсарын білмейтін адам, жалпы шаршамайтын адам жас жағынан да, күш жағынан да өзінен төмен, әлсіз адамдарға күш көрсеткісі келеді. Үшіншіден, айта кететін мәселе, адамның өзінің өмірлік тарихы, яғни өзі қалай өскені. Сонымен бірге түрлі әлеуметтік қиын өмірлік жағдайға тап болып, күйзеліске түскен кезде адам өзін эмоционалдық күйін, ашу-ызасын басқара алмаған кезде осындай әрекетке барып жатады.

Тағы бір себеп, отбасында зорлық-зомбылық көрсететін адамның ең алдымен өзіне сенімсіз болуы және жан-жағына да сенімсіздікпен қарауы бойында қорқыныш сезімі болғандықтан деп ойлаймын. Себебі кейде балаларды, жолдасын қорқыту, ұру, сабау арқылы олардың бойындағы қорқынышты, үрейді көрген кезде адам содан қандай да бір эмоционалдық қуат алуы мүмкін. Сол кезде «мен ғана қорықпаймын, қалғанының бәрі қорқады», яғни «менен де қорқатын адам бар» деп ойлап, қалғандарын өзінің қол астында ұстауға тырысады. Яғни мұндай жағдайда зорлық-зомбылық жасайтын адамды «абьюзер» деп айтып жатады. Осыдан адамның өмірлік тарихы да өміріне үлкен әсер ететінін көруге болады.

- Отбасындағы зорлық-зомбылықтың бала психикасына әсері қалай?

- Дамып, өсіп келе жатқан баланың психикасына әсері өте көп болуы мүмкін. Зорлық-зомбылықтың ерекшеліктері жайлы айтатын болсақ, ол бір рет қана болып, тоқтап қалмайды. Ол бір рет басталғаннан кейін жалғаса береді. Зорлық-зомбылықтың әр сәті уақыт өткен сайын күштірек, ауқымды болып келеді. Екінші ерекшелігіне назар аударатын болсақ, зорлық-зомбылық болып жатқан кезде абьюзер мен жәбірленушінің арасындағы процестерді көретіндер - көбінесе балалар болуы мүмкін. Сол бақылаушының өзі жәбірленушіден кем емес. Себебі ол да психикалық жарақат алуы мүмкін. Яғни отбасында анасы жәбір көріп жатқанын бала көргенде оның көңілінен, бойынан өтетін сезімдер анасы сезген сезімдермен теңдей болады. Демек бала да зорлық-зомбылыққа ұшырайды.

Зорлық-зомбылыққа тап болған адамның күйі қандай болады? Ол дамуға, алға ұмтылуға, өмірге оң көзқараспен қарауға, жалпы келешегінен үміті болмауы мүмкін. Сол себептен баланың бастаған істі аяғына дейін жеткізбеуі, оқу үлгерімінің төмендеуі, қызығушылығы басқа жаққа ауып кетуі сияқты сәттері көп болады.

Сонымен қатар отбасында мұндай жағдай жалғаса беретін болса, онда ол бала үшін қалыпты жағдайға айналып кетуі мүмкін. «Әкем анамды сабағаны дұрыс, себебі ересек адамдар әрдайым дұрыс істейді» деген ой балада қалыптасып қалады. Кейін уақыт өте келе бала өз отбасын құрған кезде бала кезінде көрген әрекеттерін өзінің отбасына енгізе бастайды екен.

Балабақша, мектеп жасындағы балалар өте агрессивті келеді. Яғни мазасыз болады. Олардың басқалармен қарым-қатынасқа түсуі өте қиын. Көбіне дұрыс емес мінез-құлық көрсетуі мүмкін. Мысалы, сабақтан қашу, төбелесу, басқаларды бопсалау, ерте жасында ішімдікке, нашақорлыққа әуес болу. Бұл жаста балалардың өзін-өзі бағалауы өте төмен болады. Олар деструктивті мінез-құлыққа, суицидке бейім болуы әбден мүмкін.

- Отбасындағы зорлық-зомбылық белгілі бір санатта немесе ортада ғана бола ма? Мысалы, өмір сүру салтына байланысты.

- Әлеуметтік дерттен ешкім сақтанбаған. Кез келген отбасында, кез келген ортада болуы мүмкін. Кейде сырт көз қызығатын, толыққанды отбасы, материалдық жағдайы да, бір-бірімен қарым-қатынасы жақсы деген отбасында да зорлық-зомбылық болуы мүмкін. Тіпті сырттан қараған кезде отбасы берекелі, көңілді болып көрінгенімен, іште не болып жатқанын білмейміз. Мұндай жанұяда да зорлық-зомбылық болуы әбден мүмкін. Сол себепті зорлық-зомбылықты отбасының санатына, баланың санына, ата-ананың туған уақыты мен қай жерде туғанына байланысты бөлуге болмайды.

Жаңа айтқанымдай, бұл түрлі әлеуметтік, психикалық, психологиялық және адамның өмірлік тәжірибесіне байланысты болатын жағдай.

- Отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбаны кім болуы мүмкін?

- Зерттеулер мен тәжірибе көрсетіп жатқандай, көп жағдайда отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбаны - әйел мен бала. Әрине еркектер де болады. Бірақ бұл өте сирек кездесетін жағдай. Не себепті олай? Себебі қазір қоғамымызда ең шарасыз, ең әлсіз – ол әйелдер мен балалар. Өйткені олар үйде отырады, ешқайда бармайды, бала мүмкіндік болса, балабақшаға, сабағына барады. Осылайша әйел балалардың жағдайын, тамағын, сабағын реттеп, тұрмысқа беріліп кетеді.

Ал ер адам сыртта жүреді, неше түрлі стрестік жағдайға түседі. Кейде өзінің табысына, жұмысына, жан-жағындағы адамдарына көңілі толмауы мүмкін. Алайда қоғамда, ортада еркек оны жолдастарына, ұжымына айта алмауы мүмкін. Енді осы стресті, ашу-ызаны қайдан шығарады? Әрине өзіне ешқандай қауіп төндірмейтін, өзі қорықпайтын, билік жүргізе алатын ортаға, яғни отбасына келіп үстемдік жасайды.

- Егер отбасындағы зорлық-зомбылыққа тап болса, ол бала болсын не әйел болсын, ең алдымен не істеуі керек?

- Қоғамымыздың менталитетінде қалыптасып қалған жағдай бар. Егер бір рет зорлық-зомбылық фактісі болса, көбінесе «байқамай қалды», «ашуланып қалды», «өзімнен де бар» деген сәттер көп болады. Яғни зорлық-зомбылыққа тап болған адам бұл жағдайды қабылдағысы келмейді. Мүмкіндігінше зорлық-зомбылық жасаған адамның жағдайын жасап, ол ондайға баруы мүмкін емес деп, ол үшін жауап беріп жатады. Ең алдымен фактіні мойындау керек. Оны мойындаған кезде ғана мұнымен жұмыс істеуге болады.

Біздің қоғамдағы отбасылар көп жағдайда оны мойындамайды. Кейде мұндайды ойын ретінде де көруі мүмкін. Жағдай өршіп кеткенде ғана түсініп жатады. Сол себепті ең алдымен мойындау, одан кейін көмекке жүгіну қажет. Бұл жерде психологиялық көмек пен заңгер көмегіне жүгіну керек. Демек о бастан бұл мәселенің шешімін заң аясында мамандар арқылы шешіп алу қажет. Себебі әйел бір рет үндемеген соң, ер адам оны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Тіпті әйелі мен бала-шағасын тұлға ретінде қабылдамай, өзінің әрекеттерін жалғастыра беруі мүмкін.

Ал егер әйел заңгер мен психологқа жүгінсе, онда абьюзер бала мен әйелді қорғайтын заң бар екенін зорлық-зомбылық өршіп кетпей түсіне бастайды.

Не себепті әйелдер зорлық-зомбылық туралы айтпайды деп жатамыз? Тәжірибемде әйелдердің үндемеген жағдайлары көп кездескен. Тіпті көз алдымда зорлық-зомбылық болған кезде әйелдің заңгерге де жүгінбей, дағдарыс орталығына да барудан бас тартқан кездері болған. Сөйтіп кеше ғана таяқ жеген әйелдің күйеуімен қол ұстасып кеткен сәтін көп көрдім. Оның арты жақсы да, жаман да болды деп айта алмаймын. Қазір бірге тұрып жатқандары бар. Бірақ олар үшін әлі де уайымдаймын.

Зорлық-зомбылыққа ұшырағандар қайдан көмекке алуға болатынын, қайда баруға болатынын міндетті түрде білуі керек. Өмір болғаннан кейін әртүрлі жағдай болады.

- Осындай әрекеттердің құрбаны болғандарға психологиялық көмек қайда көрсетіледі және ол тегін бе?

- Зорлық-зомбылыққа тап болған отбасыларға Алматыда мемлекеттік дағдарыс орталығы бар. Онда мамандар психологиялық, заңгерлік көмек көрсетеді. Әйелдерге біліктілігін арттырып, мамандық иесі болуға не болмаса жұмысқа тұруға көмектеседі және балалармен жұмыс істейді.

Сондай-ақ әйелдерге реабилитациялық көмек, өзін-өзі бағалауын жоғарылату, психологиялық жағдайын реттеуге байланысты көмек көрсетіледі. Одан бөлек, үзіліссіз жұмыс істейтін 150 байланыс нөміріне әйел мен бала көмекке жүгіне алады.

Осы уақытқа дейін мемлекеттік емес мекемелер көп жоба әзірлеген болатын. Тіпті зорлық-зомбылыққа тап болған отбасыларға әлеуметтік, психологиялық, медицикалық, заңгерлік жобалар болды.

- Отбасында зорлық-зомбылық жағдайы қайталанбауы үшін не істеу керек?

- Отбасында зорлық-зомбылық тағы қайталанбайды не болмаса ер адам өзгерді дегенге ешкім кепілдік бере алмайды. Себебі адамдар қарым-қатынас жасайтындықтан бұл жерде ешқандай арнайы жазылған алгоритм жоқ. Сол себепті терапиядан өткен күннің өзінде де зорлық-зомбылық қайталануы мүмкін.

- Әйелдер өзіне зорлық-зомбылық көрсететін ерлерді кездестірмес үшін не істеуі керек?

- Зорлық-зомбылық жағдайларына көп жағдайда еркекке өте тәуелді әйелдер түседі. Яғни ол эмоционалдық тұрғыдан да, материалдық жағынан да тәуелді болуы мүмкін. Сол себепті әйелдерге ең алдымен тәуелсіз болуды үйрету керек. Яғни кез келген әйел білім алып, мамандық иегеруі, жұмыс істеп, ақша тауып, ешкімге тәуелді болмауы қажет.

Екіншіден, әйелді «баланы қалай өсіремін?», «ел не дейді?..» деген сұрақтар да мазалауы мүмкін. Мұндай жағдайларда әйел өзінің жеке басын тұлға ретінде қабылдап үйренуі керек. Яғни өз-өзін бағалауын жоғарылату қажет. Себебі елдің сөзіне қарап, бала үшін өмір сүріп келе жатқан әйелдердің кейбірі тіпті зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жатады. Сол себептен әйел еркектен материалдық тұрғыдан тәуелсіз болғаны абзал.

Үйде бәріміз бала тәрбиелеп отырмыз. Ұлдарымызға балаға, әйелге тиісуге болмайтынын айтып, кез келген мәселені сөйлесу арқылы шешу керегін түсіндіру керек. Екіншіден, қыздарымызда «сені ешкім ұруға, саған ұрысуға қақысы жоқ» деген ой қалыптастыруымыз қажет. Ондай ойды бала бойында қалыптастыру үшін алдымен ата-ана саналы болуы керек. Кез келген жағдайда балаға айқайламай, оны ұрмай, мәселені саналы түрде шеше білуі керек. Бәрі тәрбиеден бастау алады.

- Отбасындағы зорлық-зомбылықты қалай тоқтатуға болады?

- Ең алдымен заңды күшейту керек. Егер зорлық-зомбылық фактілері анықталса, онда 10 күнге жауып тастап, айыппұл сала салмай, оны қатаңдату керек. Сонымен бірге ақпараттандыру жұмыстарын кеңірек жүргізу қажет. Әр балаға, әр әкеге қасындағы адамдардың жеке тұлға екенін жеткізу маңызды.

Отбасын құратын кезде отбасы деген не және қарым-қатынастың стильдері қандай болуы керегін айтып, жастардың бойында ұлттық құндылықтарды дәріптеуіміз керек.

Бізде абьюзерлер тек әкелар ғана емес, кейде балаға қатысты күш көрсетіп, зорлық-зомбылық көрсететін аналар әкелерден де асып түсіп жатады. Сол себепті олармен де жұмыс жүргізу керек. Баланың – өмірдің берекесі, әр адамның өмірінің жалғасы екенін түсіндіру қажет.

- Уақыт бөліп, өзекті ақпарат бергеніңізге алғыс айтамын.

Өзгелердің жаңалығы