Әкелер мектебін жандандыру - ұлттық болмысымыздан ажырамаудың кепілі – ғалым

30 Наурыз 2021, 11:35
2873
Бөлісу:
Әкелер мектебін жандандыру - ұлттық болмысымыздан ажырамаудың кепілі – ғалым

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Жаһандану дəуірінде ұлттық құндылықтарды дəріптеу – кешенді жаңғырудың негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау барысында ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі орталығының төрағасы Өмірзақ Озғанбаев қоғамда әкелер мен ерлердің рөлінің төмендеп, мектеп пен балабақшада негізінен әйел ұстаздардың жұмыс істейтініне алаңдаушылық білдірді.

Ұрпақтың әлжуаз, босбелдеу болып өсіп келе жатқанының бір себебі - әке беделінің төмендеуі, ұрпақты негізінен әйел адамдар тәрибелеп жатқанынан ба деймін. Қайсар мінезді, рухты қазақ дәстүрлі қазақ қоғамында әкелер мектебі арқылы қалыптасқан болатын, - дейді ол.

Оның айтуынша, қоғамда әкелер беделін көтеру бағатында жұмыс істеу керек. Сонымен қатар мектеп пен балабақшаның тәрбие ісіне ерлерді көптеп тарту, оларға басымдық беру қажет.

Әкенің беделі төмендеп кетті деген сөздер жиі айтылады. Бұл бұрынғы дәстүрлі қазақ отбасында барлық мәселені шешіп отыратын, ұрпағын сөзімен ғана емес, қабағымен тәрбиелеген әкелердің азайып бара жатқанын білдіреді. Әке беделінің төмендеуінің негізгі себептері кеңестік дәуірде ер мен әйелдің құқығын теңестіру, оның бұрыс бағыт алуы, одан бері жаһандану саясаты, нарықтық қатынастар деуге болады. Ал қазір ұрпақты тек әйелдердің тәрибелеуі де осыған үлес қосып отыр. Осылайша, біз ұлттық рухымыз бен тінімізден ажырап бара жатқандаймыз. Сондықтан әкелер мектебін жандандыру қажет, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы