Ақан Сатаев сөзінде тұрды: Үш күннің ішінде үлгерді

1 Қазан 2019, 14:16
3952
Бөлісу:
Ақан Сатаев сөзінде тұрды: Үш күннің ішінде үлгерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Томирис» фильмінің қазақша нұсқасы кинотеатрлардан көрсетіле бастады. Бұл туралы аталмыш фильмнің режиссері Ақан Сатаев хабарлады. 

«Достар, бүгіннен бастап, «Томирис» фильмінің толық қазақша нұсқасын біздің «Меломан» дистрибьютор компаниямыз кинотеатрларға тарата бастады. Киномыздың қазақша нұсқасын күтіп қалғандарыңыз үшін, шын жүрегімізден кешірім сұраймыз», - деп жазды режиссер әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Ұлы даланы ұлықтаған патшайым туралы тарихи фильм 27 қыркүйекте қалың көрерменге жол тартты. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы алдын-ала таныстырылымынан бастап, кинотеатрларға дейін бұл фильмнің тек орысша дыбысталған нұсқасын көрсетті. Бұл, әрине, көпшіліктің наразылығын тудырды. Әлеуметтік желіде көп талқыға түсті. Сосын режиссер Ақан Сатаев 28 қыркүйекте 2-3 күннің ішінде қазақша нұсқасы көрсетілетінін айтқан еді. 

«Құрметті көрермен! Күні кеше «Томирис» фильмі барлық кинотеатрларда көрсетіле бастады. Көрермендер мен журналистер қойған басты сұрақ - фильмнің қазақша дыбысталған нұсқасы бар ма? Сөзсіз, толығымен қазақ тілінде дыбысталған нұсқасы бар. Қазақ елі болғандықтан да, алдымен қазақша нұсқасын дыбыстаған едік! Фильмнің соңындағы титрлерді (түсіру тобы мен актерлердің аты-жөні жазылатын бөлім) латын әліпбиінде жазған кезде көптеген грамматикалық қателер кеткен. Сондықтан топ мүшелері мен актерлердің аты-жөні құжатқа сәйкес келмеуіне байланысты кешіктіріліп жатыр. Құқықтық тұрғыдан біз картинаны мұндай қателерімен көрсетілімге жібере алмаймыз. Шұғыл түрде аталмыш мәселені шешіп жатырмыз», - деп жазған болатын.

Режиссер айтқан сөзінде тұрып, 3 күннің ішінде фильмнің қазақша нұсқасы көрерменге жол тартты.
Өзгелердің жаңалығы