Филармониядағы дәстүрлі «Таңғы жаттығу» мерекелік «Қара жорғаға» алмастырылды

15 Наурыз 2021, 20:05
1781
Бөлісу:
Филармониядағы дәстүрлі «Таңғы жаттығу» мерекелік «Қара жорғаға» алмастырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Наурыз мерекесіне орай елорда төрінде 2021 жылдың 15 наурызында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясында дәстүрлі «Таңғы жаттығу» мерекелік «Қара жорға» биіне алмасып, «Көрісу - Амал мерекесі» өтті. 

Бұл күні баршасы ұлттық киімде келіп, ұжымдық қара жорға биін билеп, бір-бірін құттықтап, ізгі тілектерін жаудырды. Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғастыра беруге болады.           

Қазақтың ұлттық биі «қара жорға» – бiртұтас желiге құрылған, бiрнеше бөлiмнен тұратын, берiк композициялы, нағыз буын биi. Қара жорға – қазақы тұрмыстың, ұлттық болмыстың төл туындысы. 

Мерекелік көңіл күймен «Қара жорға» биін ұжыммен бірге билеп шыққан филормонияның Бас директоры – Ерлан Дакенов әріптестерін шын жүректен амал мерекесімен құттықтап, баршасына ыстық лебізін білдірді.         

Осы орайда көптеген мерекелік іс-шараның ортасында жүрген Бас директордың орынбасары – Олжас Дәуренұлы Сыдықбек бұл біздің түрік халықтарына ортақ ежелден келе жатқан мейрам екенін атап өтті. 

Наурыз айы туғанда жер Ана бусанып, бүкіл тіршілік басталады. Қар еріп, жердегі тоң жібіп, дала көктеп, табиғат жасанады. Осынау мезгілді біздің  бабаларымыз мейрам етіп, тойлаған екен. Наурыз көже дайындап, дастарқан жайып, бір-бірін құттықтаған. Қызыл Үкімет орнағаннан кейін наурызды діни  мейрам деп танып, тойлауға ресми түрде тыйым салған, - деді ол.

Оның айтуынша, араға 62 жыл салып 1988 жылы Наурыз мейрамымен қайта қауышқан. 

Бауырлас түркі елдерінің кейбірі 21 наурызда тойласа, тағы бірі жиырма үшінде тойлайды. Осы ретте ұлт мәдениеті мен руханиятының көрнекті өкілі, қазақ халқының біртуар ұлы, марқұм Өзбекәлі Жәнібеков ағамызды айналып өте алмаймыз. Біздің елдегі наурыз мейрамының тойлануын 22 наурыз деп бекіткен  Өзағаң екенін біріміз білсек, біріміз білмеуіміз мүмкін. Көршілес өзбек, иран, парсылардың тойлайтын күндерімен салыстыра келе, күн мен түннің теңелетін күні 22 наурызға тоқтаған екен. Содан бері наурызды осы күні тойлап келеміз, - деді филармония директоры.

Ерлан Дакенов жыл өткен сайын наурыз мейрамын тойлаудың маңызы артып келе жатқанын да айтты. 

Бұрын еліміздің батыс өңірінде ғана аталып өтетін «Көрісу, амал» мерекесі қазір бүкіл ел болып бір-бірімізді құттықтайтын мерекеге айналды. Кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы барша қазақстандықтарды «көрісу, амал» мерекесімен құттықтады. Бүгін міне Мемлекет басшысының осы бастамасын қолдай отырып, филармония ұжымы да «Қара жорға» биімен «Көрісу» мерекесін ұштастырып мерекені өткізіп жатыр. Мазмұны жағынан толығып келе жатқан, ғибратқа толы мерекеміз құтты болсын! Ырысымыз тасып, берекеміз арта берсін! Жер анадан тал бесікке дейін жаңарып көктемнің жылы лебі ескен мереке құтты болсын! - деп сөзін түйіндеді ол. 

Өзгелердің жаңалығы