АИТВ инфекциясы «жасарып барады»

31 Мамыр 2019, 08:35
3773
Бөлісу:
АИТВ инфекциясы «жасарып барады»

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысында 300-ден астам адам АИТВ инфекциясын жұқтырған. Жұқпалы кесел жыл санап «жасарып барады». Олардың дені – 15-49 жас аралығындағы науқастар.

Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың көбі – Өзбекстаннан келген оралмандар мен сол елдің азаматтары.

АИТВ инфекциясы облыста алғаш рет 1993 жылы тіркелген. Қазір ЖИТС орталығында бұл дертті жұқтырған 202 адам есепте тұр. Оның 2-еуі – бала. 3- уі ЖИТС-пен ауырады. 25 жыл ішінде осы аурудан 40-қа жуық адам қайтыс болған. 2000 жылдары қатерлі дертпен ауыратындардың 70-80% вирусты ине арқылы жұқтырса, қазір жыныстық жолмен жұқтыратындар көбейген.

«Жыныстық жол – жыныстық гетересексуалды жол және гомосексуалдық жол деп бөлінеді. Осы жылы 10 жағдай тіркелсе, оның 90% жыныстық жолмен жұқтырғандар. Ал біреуі гомосексуалдық жолмен жұқтырған. Өткен жылы инемен есірткі тұтыну жағдайы анықталмады, Бірақ биыл анықталып отыр. Биылғы анықталғандардың 60% – 20-29 жас аралығындағылар. Қалғаны – 30-39, 40-49 жас аралығындағы науқастар», - дейді ЖИТС-қа қарсы күрес және алдын алу жөніндегі облыстық орталығының бөлім меңгерушісі Гүлнар Ғұмарова.

Бұл инфекция ағзада бар екенін білгеннен кейін науқас оны өзгелерге қасақана жұқтырмауы үшін орталықпен келісімге отырады. Осы уақытқа дейін 1 жағдай сотқа жолданған. Өйткені пациент 3 адамға инфекция жұқтырып үлгерген. Мамандар, әсіресе шетелдік азаматтармен байланысқа түсерде сақ болуға шақырады. Жалпы, қатерлі инфекциялық аурудың алдын алу мақсатында айына тек 30-ға жуық тұрғын арнайы келіп, қан тапсырады.

Өзгелердің жаңалығы