Аида Балаева: Қазіргі таңда елімізде 25 мыңнан астам кітапханашы жұмыс істейді

24 Қазан 2023, 10:46
401
Бөлісу:
Аида Балаева: Қазіргі таңда елімізде 25 мыңнан астам кітапханашы жұмыс істейді
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кітапханашыларымызды кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Бүгін елімізде баға жетпес қазыналарымыздың бірі - кітаптарымызды көздің қарашығындай сақтап жүрген кітапханашыларымыздың кәсіби мерекесі. Мемлекет басшысы жас ұрпақты ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеп жүрген кітапханашылар мен кітапханалар жағдайына айрықша көңіл бөледі. Оған негіз де бар. Қазіргі таңда елімізде 25 мыңнан астам кітапханашы,  11 мыңға жуық кітапхана, 328 миллионнан астам кітап қоры бар. Бұл еліміз үшін баға жетпес рухани байлық. Үкімет қаулысымен бекітілген бүгінгі дата кездейсоқ емес. Еліміздегі ең алғашқы кітапхана Батыс Қазақстан облысында осыдан 152 жыл бұрын 24 қазан күні есігін ашқан. Бүгінде Жұбан Молдағалиев атындағы әмбебап ғылыми кітапхана өңірдегі 360 кітапхананың әдістемелік орталығы саналады, - дейді министр. 

Оның айтуынша, Қазақстан бойынша ең үлкен кітапхана – Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхана. Мұнда қазір 7 миллионнан астам кітап қоры бар.

Соңғы кезде кітап оқу тренді қайта жаңғырып, оқырмандар саны 9,5 миллионға жетті. Әсіресе, ата-аналар бала тәрбиелеуде кітаптың көмегіне көбірек жүгінеді. Бүлдіршіндерді осы күндері фантастика және комикс жанры ерекше қызықтырады.  Бұл ретте отандық баспаханаларға айтарым, балалар кітапханасын дамытуға бет бұру керек. Бұл нарықтың сұранысы. Одан басқа, кейінгі 5 жылда кітапханалар қоры тек мемлекеттік тапсырыспен шыққан 4,5 миллионнан астам кітаппен толықтырылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады, - деді ол.

Министрдің сөзінше, заманға сай электрондық кітапхананы дамыту жұмысы қарқын алды. Алдағы уақытта еліміздің барлық кітапханалары біртұтас ақпараттық жүйеге қосылатын болады.  

Оқырмандар еліміздің кез-келген кітапханасынан қажетті кітапты «бірыңғай билет» арқылы оқи алады. Қолдағы смартфон арқылы кез-келген кітапханамен байланыс ортанатуға болатын жобалар тағы бар. Сондықтан осы игіліктердің барлығын әрбір оқырманына жеткізушілердің бірі – кітапханашылар. Сіздердің еңбектеріңіз ерен! Баршаңызды кәсіби мерекемен, ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен жемісті жұмыс тілеймін. Еліміздің рухани және зияткерлік әлеуетін арттыруға қосып жатқан еңбектеріңіз әрі қарай да табысты бола берсін! - деп құттықтады Аида Балаева.

Өзгелердің жаңалығы