Сауда және интеграция министрлігі азаматтардан келіп түскен өтініштерге байланысты автомобиль бензинінің сапасына зертханалық зерттеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаменті Павлодар мұнай-химия зауытында тікелей алынған бензиннің арбитраждық сынамаларын өндірушіден тәуелсіз зертханаға тапсырды. Sinoil, QazaqOil және Helios қоспалары қосылған отын үлгілері де жеке зерттелуде. Зерттеу нәтижелері бір апта ішінде белгілі болады.
Қазіргі уақытта азаматтардың 12 өтініші қаралуда: 9-ы – Астана қаласынан, 1-еуі – Павлодардан және 2-еуі – Солтүстік Қазақстан облысынан.
Сонымен қатар, 17 жанармай құю станциясында бақылау сатып алуы жүргізілді: 5-еуі – Алматы қаласында, 5-еуі – Алматы облысында, 6-ауы – Абай облысында және 1-еуі – Жамбыл облысында. Қазіргі уақытта алынған үлгілерге зертханалық сынақ жүргізілуде. Осылайша, жүргізіліп жатқан тексеру отын сапасын өндіріс кезеңінде ғана емес, оны тұтынушыға сатуға дейінгі кейінгі айналым кезеңдерінде де бағалауға мүмкіндік береді.
Тексеру аясында сынамалар бүкіл жеткізу тізбегі бойынша, оның ішінде мұнай базаларында да алынады. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін қажетті нормативтік-техникалық құжаттар, мемлекеттік стандарттар және сынақ зертханалары бар.
Автомобиль бензинінің техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда, заңнамада көзделген шаралар қабылданады. Оның ішінде талаптарға сәйкес келмейтін жанар-жағармай материалдарын сатуға тыйым салу және айналымнан алып қою шаралары қарастырылған. Сауда және интеграция министрлігі жүргізіліп жатқан зерттеулердің нәтижелері туралы хабардар етіп отырады.
Еске салайық, бұған дейін бірқатар қазақстандық АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин құйғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғанын айтып, шағымданған еді. Осыған байланысты Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жағдайды тексеру үшін орынбасарын Павлодар мұнай-химия зауытына жібергенін мәлімдеген болатын.
Министр сол кезде ақаудың нақты себебі анықталмағанын айтқан. Жанармай құю станциялары мәселені мұнай өңдеу зауытының өнімімен байланыстырса, зауыт өкілдері ақау жанармай бекеттерінде туындауы мүмкін екенін алға тартқан еді. Сондай-ақ Ақкенженов тиісті сападағы бензиннің жаңа партиясы, оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытынан жеткізілетін отын жолда екенін хабарлаған болатын.
«Көлігіміз бұзылды» деген шағымнан кейін Павлодар бензинінің сапасы тексерілді. Жанармайдың арбитраждық сынамаларын SGS Kazakhstan зертханасы тексерген.