«Көлігіміз бұзылды» деген шағымнан кейін Павлодар бензинінің сапасы тексерілді

 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов 26 Тамыз 2026, 16:10
26 Тамыз 2026, 16:10
121
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Павлодар мұнай-химия зауытында өндірілген АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиннің сапасы тәуелсіз зертханалық тексерістен өтті. Сараптама нәтижесі жанармайдың белгіленген талаптарға сай екенін көрсетті, деп хабарлады KAZENERGY қауымдастығының ресми Telegram-арнасы.

Жанармайдың арбитраждық сынамаларын SGS Kazakhstan зертханасы тексерген. Талдау қорытындысына сәйкес, өнім Кеден одағы техникалық регламенті мен мемлекеттік стандарт талаптарына сай келеді.

Зауыт өкілдерінің мәліметінше, кәсіпорында өнім сапасы тұрақты түрде бақыланады. Тұтынушыға жөнелтілетін әрбір жанармай партиясы тәуелсіз зертханада тексеріледі.

Өндірістің барлық кезеңінде сапаны бақылау – ішкі нарықты мұнай өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі, – делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін жүргізушілер АИ-95 және АИ-98 бензинін құйғаннан кейін көліктерінің істен шыққанына шағымданған еді. Үкіметтегі брифингте Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Павлодар мұнай-химия зауытынан сынамалар алынып, тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеген болатын.

Еске салайық, бұған дейін бірқатар қазақстандық АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин құйғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғанын айтып, шағымданған еді. Осыған байланысты Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жағдайды тексеру үшін орынбасарын Павлодар мұнай-химия зауытына жібергенін мәлімдеді.

Министр ақаудың неден шыққаны әзірге анықталмағанын айтты. Жанармай құю станциялары жауапкершілікті мұнай өңдеу зауытына жүктесе, зауыт өкілдері мәселе жанармай бекеттерінен болуы мүмкін екенін алға тартқан. Сондай-ақ Ақкенженов тиісті сападағы бензиннің жаңа партиясы, оның ішінде Атырау мұнай өңдеу зауытынан жеткізілетін отын жолда екенін хабарлаған еді.

Наверх