Арыққа құлаған адам өлімі: Нөсерлеткен жаңбыр Алматының әлсіз тұсын қалай әшкереледі?

Үш күн бойы жауған жаңбыр қала тұрғындарын біраз әбігерге салды.

Бүгiн 2026, 16:45
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 16:45
Бүгiн 2026, 16:45
288
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Нөсерден кейін Алматы көшелері тағы да суға толып, қала инфрақұрылымындағы ескі мәселелерді айқын көрсетті. Кей жерлерде су тартпай, арықтар мен дренаж жүйесі ағынды өткізе алмай қалған. Соның салдарынан көшелер көлге айналып, көлік қозғалысы қиындады. Мамандар мұны жаңбырдың көптігімен ғана емес, су бұру жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуімен байланыстырады. BAQ.KZ мәселені зерделеп көрді.

Тұрғындардың жанайқайы

16 сәуірде басталып, үш күн бойы жауған жаңбыр қала тұрғындарын біраз әбігерге салды. Кейбір көшелерде ағаш құлап, кейбір көше көлге айналды. 

Сондай оқиғалардың бірі Бостандық ауданында болған. Қала тұрғыны Андрей Свиридов көшеде ағаш құлағанын хабарлады.

Сонымен қатар, қала тұрғыны Нұр Қанатов әлеуметтік желідегі парақшасында арық жүйесіне қатысты сауал тастаған. 

Жергілікті алматылықтарға, аға буынға сұрақ: КСРО уақытында жаңбыр жауған кезде жағдай осындай ма еді?, - деп сұрады ол көлге айналған көшенің видеосын тіркеп. 

Жоқ, олай болған емес! Арық жүйесіне жауапты адамдардың көбі Алматыда туып-өспеген, ұзақ тұрмаған, сондықтан мұнда жауын-шашын мол болатын жылдар болатынын ескермейді. Жеке секторға келсек, мысалы бұрын «Широкая щель» аталған, қазіргі Шоқай көшесінде басқа өңірден келгендер көп. Олар үйлерінің жанындағы арықтарды ойланбастан көміп тастаған. Ал жаңбыр жауа бастағанда «неге су басады?» деп таң қалады. Мен қалаға жаңа тұрғындардың келуіне қарсы емеспін, қала өсіп жатыр, бұл қалыпты. Бірақ кем дегенде логикаға салып, арықты көмер алдында жергілікті тұрғындармен ақылдасса болар еді, - дейді қала тұрғыны Виктор Марсаков. 

Оның сөзінше, жауапты мамандарға да сұрақ бар. Арық жүйесін жобалауда жүйелі тәсіл байқалмайды, кейде тіпті мүлде жоқ сияқты.

Жазбаға өз пікірін Назгүл Бошан есімді тұрғын да жазған. Оның айтуынша, Алматыда кезінде 12 жауын суын бұру жүйесі жұмыс істеп тұрған. Су түгел арық желісі арқылы жиналып, арнайы су қоймаларына құйылып, кейін суаруға пайдаланылатын.

Қазір олардың тек екеуі ғана жұмыс істеп тұр, оның өзі кей жерлерде лай мен ұсақ қоқысқа толып қалған. Оларды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ қала халқы бірнеше есе артқан жағдайда 12 жүйенің орнына 2 жүйенің ғана қалуы – жеткіліксіз.Бұған дейінгі әкім бұл мәселені 2024 жылға дейін толық шешуге уәде берген еді. Алайда ол жоспар жүзеге аспай қалған сияқты, - дейді тұрғын.

Енді бірі мұндай жағдайлар КСРО кезінде де болып тұратын дейді. 

Болған. Тек бұрын мұндайға аса мән берілмейтін. Наразы адамдар да аз еді. Көпшілік бәрін сабырмен, төзіммен қабылдайтын, ұсақ-түйекке бас қатырмайтын, - дейді Станислав Абронов есімді тұрғын. 

Маман пікірі

Саясаттанушы, Urban Forum Kazakhstan ұйымының тең құрылтайшысы Әділ Нұрмақов BAQ.KZ-ке қаладағы арық жүйесіне қатысты проблема туралы және оны қалай шешуге болатыны жайлы ойын айтты. 

Менің ойымша, Алматыдағы арық жүйесі қазір функционалдық бөлшектену жағдайында тұр. Яғни мәселе арықтардың өзі ескіргенінде емес, жүйенің жүйе ретінде жұмыс істеуін тоқтатқанында. 2024 және 2025 жылдары Urban Water жобаларымызда Алматыдағы тау және жаңбыр суы кедергі ретінде емес, керісінше тиімді басқаруды қажет ететін қаладағы маңызды ресурс ретінде қаралуын көтерген болатынбыз, - дейді ол. 

Әділ Нұрмақов қаладағы арық жүйесінің тиімсіз болуының үш басты себебін атады. 

Бірінші - жүйенің үзіліп қалуы және біртұтас болмауы. Алматыда көптеген арықтар бір-бірімен байланыспаған, арналарының көлемі әртүрлі, бір-бірімен жалғанбаған немесе суды жинайтын үлкен каналдарға қосылмаған. Бұл әсіресе қаланың төменгі жағында жиі кездеседі.

Екінші - күтімнің нашарлығы. Арықтар лайға толып, қоқысқа бітеліп, қараусыз қалған.

Үшінші - соңғы онжылдықтағы қате көзқарас. Суды табиғи жолмен сіңіретін, тарататын механизмдерді асфальт, бетон, тығыз құрылыс басып, жер беті толық жабылып қалды. Соның кесірінен су жылдам ағып, жүйенің әлсіз тұстарын жиі басып қалатын болды.

Алматыға толыққанды нөсер кәрізін салу керек пе, әлде арықтарды жаңарту жеткілікті ме?

Әділ Нұрмақов бұл мәселені «немесе–немесе» деп қарастыру дұрыс емес екенін айтады. Оның сөзінше, Алматыға аралас тәсіл керек. Қала арықтардан бас тартпауы тиіс. Керісінше арықтарды дұрыстап жаңарту қажет. Себебі олар қаланың су инфрақұрылымында әлі де өте құнды элемент болып қала береді. Арықтар ауаны салқындатады, топырақты ылғалдандырады, құстар үшін маңызды, жалпы қаладағы су айналымын көзге көрінетін етеді. 

Urban Forum Kazakhstan дамытып жүрген тұжырымдаманың мәні де осы - суды тек ағызып жібермей, баяулатып, ұстап қалып, жерге сіңіріп, жер асты су қорын толықтырып, оны қаланың пайдасына жарату керек. Судан құтылмай, оны қала пайдасына «жұмсау» қажет, - дейді саясаттанушы. 

Оның айтуынша, мұндай экологиялық әрі тұрақты шешімдермен қатар, қалаға дәстүрлі инженерлік инфрақұрылым да қажет. Яғни су жинайтын коллекторлар мен арнайы резервуарлар, әсіресе құрылыс тығыз орналасқан аудандарда, су көп жиналатын және ойпаң жерлерде маңызды рөл атқарады.

Ал абаттандыру жұмыстарында мүмкіндігінше су өткізетін жабындарға басымдық беру керек.

Сонымен қатар, Әділ Нұрмақов жоба мен басқарудағы жүйелі қателер туралы сөз қозғады. 

Бірінші жүйелік қателік – суды қалалық экожүйенің бір бөлігі емес, тек тезірек сыртқа шығару керек нәрсе ретінде қарастыру. Мұндай көзқарас қаланы шамадан тыс бетондауға, арналарды түзеуге, жер бетін «жабуға» алып келді. Соның салдарынан әрбір нөсер немесе қардың күрт еруі дағдарысқа айналып отыр.

Екінші қателік – қала жоспарлауында суға қатысты бірыңғай тәсілдің болмауы. Алматыда су, жер бедері, құрылыс, жолдар, көгалдандыру және инженерлік желілер көбіне бір-бірінен бөлек жобаланған, - дейді сарапшы.

Нәтижесінде кей шешімдер басқа мәселелердің туындауына алып келді:

  • табиғи су ағу бағыттары жабылып қалды;
  • кей жерлерде арықтар жойылды;
  • жаңа жолдар қолданыстағы дренаж жүйесіне үйлестірілмей салынған.

Сондықтан, Әділ Нұрмақовтың сөзінше, қалаға су айналымын толық ескеретін кешенді жоспарлау мен инфрақұрылымдық дизайн қажет.

Урбанист пікірі

Ал Gradoblog-Almaty Youtube-арнасының авторы, урбанист Владислав  Филатовтың мәліметінше, Алматыдағы суару жүйесінің жалпы ұзындығы 1700 шақырым. Бұған тік және көлденең орналасқан барлық арық кіреді. Алайда бұл жүйенің едәуір бөлігі тозған және жөндеуді қажет етеді. Қазіргі таңда желінің дұрыс жұмыс істеуі үшін 811 шақырымын қалпына келтіру керек.

Мәселенің тағы бір күрделі тұсы – тек жұмыс істемейтін арықтар ғана емес, сонымен қатар үзіліп қалған немесе тұйыққа тірелетін учаскелердің көптігі. Мұндай арықтардың жалпы ұзындығы 1464 шақырымға жеткен. Жүйе тиімді жұмыс істеуі үшін ол үздіксіз болуы және тұрақты түрде күтім жасалуы қажет. Бұл үшін бітелген жерлерді тазалайтын, су өткізу құрылғыларын реттейтін көп жұмыс күшін тарту қажет, - дейді урбанист.

Оның сөзінше, Алматыда арық жүйесін басқаратын бірыңғай құрылым жоқ, әр аудан бұл мәселемен өз бетінше айналысады. Көп жағдайда арықтар жеке аумақтардың ішінен өтеді, ал меншік иелері оларды өз қалауынша өзгертіп жатады. Тіпті кей жерлерде арықтарға қолжетімділік мүлде жабылған: қоршаулар қойылып, коммуналдық қызметтер жете алмайды.

Арықтар Алматының мәдени болмысының бір бөлігіне айналған – қала үшін таулар мен алмадан кейінгі маңызды мәдени кодтың деуге болады. Сондықтан арық жүйесін қайта қарау немесе оның орнына жауын суын бұруға арналған кәріз жүйесін салу туралы ұсыныстар жиі қарсылыққа ұшырайды. Тұрғындардың бір бөлігі, әсіресе белсенділер, арықтарды қаланың ерекшелігі деп санап, қазіргі жүйеге қол сұқпау керек деген ұстанымда.

Олар негізінен қолдайтын жалғыз бағыт – қолданыстағы арықтарды тазалау мен жөндеу, сондай-ақ жаңаларын салу. Ал су ресурстары саласындағы мамандар керісінше, Алматыда толыққанды жауын суы кәріз жүйесін дамыту қажет екенін айтып келеді. Осылайша, қала тұрғындарының көзқарасы мен кәсіби мамандардың ұстанымы арасында айтарлықтай алшақтық бар, - дейді маман. 

Владислав  Филатовтың сөзінше, елді мекеннің аумағы жауын суын қалай бұру керектігін анықтайтын негізгі факторлардың бірі. Ауылға жеткілікті шешімдер ірі қалаға немесе мегаполиске жарамайды.

Қалаларда асфальт, бетон секілді су өткізбейтін қабаттар көп. Жаңбыр кезінде су сол жерлерде жиналады. Егер оған ағатын жол ашылмаса немесе алдын ала бағытталмаса, тіпті аз ғана жауынның өзі көшелерді су басуына әкелуі мүмкін, - дейді Филатов.

Жауын суының жиналуын азайту үшін мұндай кедергілерді азайту керек.  Мысалы, жолдарды қайта жоспарлап (жолды тарылтып, жаяу аймақтарды көбейту) және асфальт пен бетонды су өткізетін жабындармен алмастыруға болады.

Алайда мегаполисте тек материалды ауыстыру жеткіліксіз. Қалаға көп көлемдегі жауын суын қабылдап, әкететін инженерлік шешімдер керек. Оларға ірі су ұстаушы және бұру арналары, сондай-ақ жер асты нөсерлік кәріз жүйесі жатады дейді урбанист. 

Оның сөзінше, негізі, Алматыда тау суын қалаға таратып беретін тұтас жүйенің болуы – үлкен артықшылық. Бұл – бас арықтың (Абай даңғылы бойындағы) басты плюстарының бірі. Бірақ оның маңызды шектеуі бар: ұзындығы онша үлкен емес. Соның салдарынан су негізінен Абай даңғылынан төмен орналасқан, Достықтан Есентай өзеніне дейінгі аумақты ғана қамти алады.

Қаланың басқа бөліктеріне келсек, бұрын мұндай тарату жүйесі жоғарғы аудандарда да болған. Мысалы, қазіргі Әл-Фараби даңғылы салынған кезде оның бойымен арнайы су алу және тарату жүйелері жасалған. Бұл жоғарғы бөлікте бақтардың көп болуына және ботаникалық бақты суару қажеттілігіне байланысты еді. Қазір бұл жүйенің бір бөлігі істен шыққан, кей тұстары жеке аумақтардың астымен өтеді. Дегенмен, негізгі әрі маңызды учаскелері әлі күнге дейін сақталған, - дейді Владислав  Филатов. 

Айта кетейік, Алматыда бірнеше күн ішінде айтарлықтай жауын-шашын түсті. Қала әкімдігінің мәліметінше, жаңбыр көлемі шамамен 12 мм болған. Қатты жауын салдарынан арықтар толып, кей жерлерде көшені су басты. 

Ал қаланың Бостандық ауданында нөсер жауын кезінде ер адам арыққа құлап, мерт болды

Наверх