АЭС салынса, қатаң бақылауға алынады – Бектенов

27 Тамыз 2024, 11:10
1157
Бөлісу:
АЭС салынса, қатаң бақылауға алынады – Бектенов
Фото: автордан - архив

Премьер-министр Олжас Бектенов елімізге АЭС салынса, құрылыс қатаң бақылауға алынатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Бұл саланың перспективасы зор екені анық. Бізде ядролық отын өндірісі толықтай дерлік игерілген. Шағын реакторларды пайдалану тәжірибесі жинақталды. Бұл бағытта мамандар мен ғалымдарымыз да бар. Кадр даярлауға да көңіл бөлініп келеді. Сондықтан атом энергетикасын дамытудың келесі кезеңіне көшу дұрыс қадам. Әсіресе, еліміздің энергетикалық инфрақұрылымына жүктеме артып отырған бүгінгідей жағдайда бұл мәселенің маңызы айрықша, – деді Бектенов.

Премьердің сөзінше, Қазақстан қазірдің өзінде энергетикалық қуат тапшылығын тартып отыр.

Проблеманы осы бастан шешпесек, онда экономиканың әрі қарай өсуіне қажетті электр энергиясын үлкен көлемде сатып алуымызға тура келеді. Көптеген ел атом энергиясына иек артады. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше бүгінде әлемнің 31 елінде 415 ядролық энергоблок жұмыс істейді. Қазіргі таңда 15 мемлекетте, соның ішінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания мен Түркияда жаңадан 61 атом станциясының құрылысы жүріп жатыр. Оның үстіне халықаралық қаржы институттары көмір электр станцияларына инвестиция салудан бас тартып жатыр, – деді Үкімет басшысы.

Бектенов жаһандық күн тәртібінде көміртегі бейтараптығы мәселесі тұрғанын еске салды. Осы тұрғыдан алғанда да аталған мәселенің маңызы арта беретін болады.

Ал жаңартылатын қуат көздері тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Бізде гидроэлектр станцияларының әлеуеті шектеулі, өйткені энергия өндіру үшін талапқа сай келетін өзендер жоқтың қасы. Газдандыру мәселесіне келсек, қолданыстағыЖылу орталықтарының кейбіреуін газға ауыстырып, жаңадан бу-газ қондырғыларын салып жатырмыз. Алайда, экономиканың дамуы мен халық саныныңөсуін ескерсек, келешекте ол да электр энергиясының тапшылығын жабуға жеткіліксіз болады, – деді ол.

Бектеновтің айтуынша, атом энергетикасын дамыту біз үшін болашағы өте зор бағыт.

Заманауи Атом электр станциялары көп деңгейлі қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Қазақстанда Атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданған жағдайда оны жобалау, салу және пайдалану кезінде МАГАТЭ-нің халықаралық қауіпсіздік стандарттары қатаң басшылыққа алынатын болады. Сонымен қатар шикізат базасы өзімізде, яғни уран бағасының ауытқуы бізге әсерін тигізбейді. Бұл электр энергиясына тұрақты әрі болжамды тарифтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Олжас Абайұлы.

Сондай-ақ Үкімет қаулысының жобасы Президент қарауына ұсынылғаны туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы