АЭС салу жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

23 Тамыз 2023, 12:20
1539
Бөлісу:
АЭС салу жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Фото: Қазақстандық атом электр станциялары мұрағатынан

Еліміздің барлық өңірінде АЭС салу мәселесі төңірегінде қоғамдық ашық талқылау жүргізіліп жатыр. Осы ретте, BAQ.KZ тілшісі АЭС туралы сауалдарға жауап алу мақсатында «ҚАЭС» ЖШС Атом энергетика бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябековпен сұхбатасқан еді. 

– Елімізге АЭС салу қаншалықты пайда әкеледі?

– Ел аумағында АЭС-ті пайдалануға беру көмір мен газ негізіндегі электр энергиясын өндіруді алмастыра алады. Қазақстанда АЭС салу экономиканың барлық салаларына, сондай-ақ ғылымға, білімге, әлеуметтік салаға оң мультипликативтік әсер етеді. Сондай-ақ ғылымды қажетсінетін технологиялар мен аралас салалардың жедел дамуына мүмкіндік береді. ҚР атом энергетикасын дамыту және атом станциясын салу барлық санаттағы тұтынушыларды, оның ішінде өнеркәсіптік кәсіпорындар мен халықты үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін неғұрлым қолайлы болып табылатынын айтқым келеді. Атом электр энергиясын генерациялаудың артықшылығы сол – парниктік газдың шығынын азайтады. Сондықтан Қазақстан аумағында АЭС құрылысының жүргізілуін қарастыру дұрыс шешім болады деп ойлаймын.

– Халық арасында «АЭС салу қауіпті, жарылып кетеді» деген қорқыныш бар. Бұған не дейсіз?

– Жоқ, мүмкін емес. АЭС – электр энергиясын өндіру үшін «бақыланатын ядролық бөлінуді» пайдаланатын генерация көзі. Атом бомбасы жарылыс тудыратын энергияны шығару үшін бақыланбайтын ядролық бөліну реакциясын қолданады.

АЭС пен бомба бір-біріне ұқсамайды, ерекшеліктері бар. Атом электр станцияларында қолданылатын отын бомба жарылған кезде пайда болатын энергия шығарындыларын жасауға жарамайды. Реактор мен бомбаның айырмашылығы – олардағы отынның байыту дәрежесінде, яғни АЭС-те уран-235 үлесі 5%-дан аз болса, атом бомбасында – 90% шамасында.

Реакторда уран ядроларының бөліну процесі бақыланады және нормадан сәл ауытқу кезінде сенімді қауіпсіздік жүйелерімен түзетіледі. Мысалы, бұл үшін басқару арналары қолданылады.

– АЭС салудың қандай маңызы бар?

– Қазақстанда АЭС салу атом индустриясы үшін және тұтастай алғанда еліміздің бүкіл экономикасы үшін жаңа мүмкіндік ашады. Егер артықшылықтар туралы айтатын болсақ, онда АЭС салу елдің ғылыми-техникалық және жоғары білікті кадрлардың өсуіне мүмкіндік береді. Құрылыс кезінде 8 000 адамға дейін жаңа жұмыс орындары пайда болады. Жаңадан екі мыңнан астам кадрлар пайда болады. Сондай-ақ АЭС салу кезінде бір жұмыс орны экономиканың аралас салаларында он есе көбейеді. Жергілікті өнеркәсіп дамиды. Бұдан бөлек, меншікті отын базасының әлеуетін кешенді пайдалануға мүмкіндік болады. Сонымен қатар, тұтынушылар 60 жылдан астам уақыт энергиямен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ парниктік газдар шығынын жылына 8-10 млн тоннаға дейін төмендете аламыз. Сонымен қатар басқа да бірқатар экономикалық, әлеуметтік, техникалық және экологиялық артықшылықтарға ие екендігін атап өту керек. Біз қазір Қазақстанда АЭС салу мүмкіндігін жүйелі түрде зерттеп келеміз және барлық мүдделі тараптардың пікірін ескеруге тырысамыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы