Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов әдебиет оқулықтарын қайта қарайтын уақыт жетті деп санайды. Оның сөзінше, қазір балалар әдебиетті білмейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол бұл туралы Әдебиет порталының Youtube арнасына берген сұқбатында айтты.
Әдебиет оқулықтарын қайта қарайтын уақыт жетті. Бұрын мектепте Қобыландыны, Алпамысты және басқа да батырлар жыры мен қиял-ғажайып ертегілерді оқытатын. Қазір ол жоқ, оқытылмайды. Әдебиет пәнін оқып балаларымыз жатқан тұтас бір кезеңді білмей шығады. Біз бұған қалай жол беріп алдық? Қазір “оқулықтар шығып қойған, оған уақыт керек, содан кейін қатадан қараймыз” деп сылтау айтады. Оқулыққа, балаға білім беруге келгенде адам уақытпен санаспауы керек. Күтіп отырмау керек, - дейді Мереке Құлкенов.
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы қате кетсе, оны бірден түзеу керегін айтады.
Бізде үлкен қате кетті. Ана министр бүйтті, мына министр бүйтті деп, көздерін шұқымай-ақ қояйық. Бірақ сол кездегі адамдардың басқа бір мақсаттағы жасаған дүниелері қазір алдымыздан зиян болып шығып жатыр. Ең алдымен тарих пен әдебиетімізді дұрыс оқытпағаннан кейін ол мектеп мектеп бола ма?! – дейді ол.
Құлкеновтің сөзінше, еліміздегі әртүрлі тілде оқытатын жекеменшік мектептердегі балалар еліміздің әдебиеті мен тарихынан ештеңе білмейді. Ол бала қай тілде оқыса да, Қазақстандағы мектептерде әдебиетіміз бен тарихымыз негізгі пән ретінде оқытылуы қажет.