«Әдебиеттегі мұңды халықтың трагедиясына айналдырмау керек» – Мереке Құлкенов

7 Қыркүйек 2026, 15:47
АВТОР
 facebook.com/ Жазушылар одағы 7 Қыркүйек 2026, 15:47
7 Қыркүйек 2026, 15:47
164
Фото: facebook.com/ Жазушылар одағы

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында ұлттық болмысты қалыптастырудағы әдебиет пен өнердің рөлі, қазақ әдебиетіндегі мұң мен қайғы тақырыбы, сондай-ақ қазіргі әдебиеттің даму бағыты туралы сөз қозғады.

Оның айтуынша, кез келген ұлттың әлемге танылуында әдебиет пен өнердің орны ерекше.

Негізі ұлттық болмысты қалыптастыруда әдебиет пен өнердің алдына ештеңе шыға алмайды. Бірде-бір халық өзінің әдебиеті болмаса, өнері болмаса, басқа халыққа танылуы мүмкін емес. Сондықтан қазақты қазақ етіп тұрған қазақтың әдебиеті мен өнері. Басқа халыққа, әлемге таныстырып тұрған – әдебиет пен өнер, – деді ол.

Мереке Құлкенов қазақ халқын әлемге танытқан тұлғалардың бірі Мұхтар Әуезов екенін атап өтті.

Кезінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шыққаннан кейін қазақтың бүкіл әлем таң қалып, француздың жазушылары, ұлы ойшылдары осындай да халық бар екен ғой деп таң қалған. Олардың жүріс-тұрысы, дәстүрі, ұлттық салт-саналары, соның бәрін олар таңданды. «Осындай да керемет халық бар екен ғой» деп қызығушылық танытты. Шынында да, біздің ұлттық салт-дәстүріміз, мінез-құлқымыз, этнографиямыз, өнеріміз, әніміз, сөзіміз – басқаларға қарағанда бөлек халықпыз ғой. Сондықтан да біз қазақты бүкіл әлемге таныстырған Әуезов деп айта аламыз, – деді Жазушылар одағының төрағасы.

Ол Әуезовтен кейін де қазақ әдебиеті арқылы ұлтты танытқан қаламгерлер көп болғанын айтты.

Әуезовтің көркем шығармасы, Әуезовтің эпопеясы қазақ әлемін танытты. Сол сияқты кейінгі кезде Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауиндер солардың жазуы арқылы қазақ деген халықты біліңкіреді. Сондықтан шындығында да ұлтты ұлт қылатын, ұлтты басқа жұртқа таныстыратын, ұлттың бүкіл жан дүниесін көрсететін әрине әдебиет пен өнері. Оның ішінде әніміз, суретіміз, музыкамыз да бар. Сондықтан бұл мәселе ешкім қарсылық көрсете алмайтындай дүние. Әдебиет пен өнерсіз халық – халық емес, – деді ол.

«Қайғыны ғана емес, халықтың жарқын жақтарын да жазу керек»

Сұхбат барысында Мереке Құлкенов қазақ әдебиетіндегі мұң мен қайғы тақырыбына да тоқталды. Оның пікірінше, тарихи қасіреттер әдебиетте көрініс табуы заңды құбылыс. Алайда халықтың өміріндегі жарқын кезеңдер де назардан тыс қалмауы керек.

Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деген өлеңі бар. Сол кездегі тағдырға сай көптеген қиындық болған. Көптеген соғыс болған, босқындар болған, аштық болған. Оның бәрін айтпаса, әдебиет бола ма? Ол, әрине, айтылуы керек. Бірақ тарихтан ауытқып кетпеу қажет, – деді ол.

Құлкенов кейбір шығармаларда тарихи трагедияларды әсірелеу кездесетінін айтты.

Мысалға, бізде сондай трагедияны одан сайын қоюлату үшін, қаралау үшін, көптеген ойдан шығарған нәрсені қосады. Мұң-қайғы көп деп айтылатыны да сондықтан. Бірақ біздің қаншама жыл, ғасырлар бойы келе жатқан тарихымызда халқымыздың жеткен жетістігі, жарқын өмірі, рахат өмірі де болған, – деді ол.

Оның сөзінше, қазақ халқы қиын кезеңдердің өзінде батырлары мен билерінің арқасында талай сынақтан өткен.

Біздің батырларымыз, біздің билеріміз өзінің халқын қашан да сол қиындықтардың бәрінен алып шыққан, – деді ол.

Жазушылар одағының төрағасы халық басынан өткерген ауыр кезеңдер тек қазаққа ғана тән құбылыс емес екенін атап өтті.

Ондай халықтың басына түскен қасіреттің бәрі жалғыз бізде емес, мына тұрған Қытайда да, орыс халқында да, қасымыздағы өзбек пен қырғызда да болған. Сондықтан оны жазып, халықтың керемет өмірін, оның қайғысымен қоса, оның жарқын жақтарын жазу әрине әдебиеттің ішіндегі жазушылардың міндеті. Бұл жазылады, жазылып та келе жатыр, жазыла береді, – деді ол.

«Жазушылар «қайғы-мұңды көбірек жазсақ, жұрттың бәрі оқиды деп ойлайды»

Мереке Құлкенов кейбір қаламгерлердің оқырманды тарту үшін қиындық пен мұңды көбірек жазуға ұмтылатынын айтты.

Әдебиетке келетін ақын-жазушыларымыз «шынында да қайғы-мұңды да көбірек жазсақ, осы жоқшылық, қиындықты көрдік, әлі де қиындықты көріп жатырмыз дегенді жазсақ, жұрттың бәрі оқиды» деп ойлайды. Бұл негізінен олай емес, – деді ол.

Оның пікірінше, қазіргі Қазақстанда ұлттық құндылықтарды жаңғырту бағытында маңызды жұмыстар атқарылып жатыр. Мысал ретінде ол Наурыз мерекесінің жаңа форматта тойлануын атады.

Бір ғана Наурыздың өзі көрісу күнінен басталатын. Мына батыс жақта жаңа жыл 14 наурыздан басталады, көрісу деп соны айтады. Бір жыл бойы үлкендерге кішілер сәлем беруі керек. Өйткені, аман-есен осы жылға қайтадан жеттік, жаңа жылға келдік деген әңгімені айту үшін қажет. Үлкендерге сәлем беру арқылы өзінің соларға деген ізетін, ағайындығын, туыстығын білдіру үшін сондай істейтін. Сол дәстүрді біз қазір алып бердік қой. Қазір бүкіл Қазақстан 14 наурызда Көрісу мерекесін тойлайды, – деді Құлкенов.

Ол қазақтың тәрбиелік және адамгершілік қағидаттарының да маңызы зор екенін айтты.

Қазақ ең бастысы бала-шағасына, кейінгі ұрпағына ең бірінші шаруа тәрбие деп есептеген. Үлкеннің алдынан кесіп өтпе, үлкенге қарсы жаман сөз айтпа, қатты сөз айтпа деген сөзді қазақ қана айтқан. Басқа ұлтта да бар шығар, бірақ бізде көбірек айтқан. дана халқымыз біреудің ала жібін аттама деген. Қандай керемет дәстүрлеріміз, үрдістеріміз. Соның бәрін халықтың қалауына келтіру үшін біз Наурызды жеті күн тойлайтын болдық. Әр күннің өзінің атауы бар. Міне, осының бәрін көрсететін кім? Әрине, әдебиет пен өнер. Осындай жақсылықтардың бәрін көрсетеді, – деді ол.

«Әдебиетте мұң болуы керек, бірақ оны халықтың трагедиясына айналдыруға болмайды»

Жазушылар одағының төрағасы әдебиеттегі мұң тақырыбына қатысты айтылған пікірлердің кейде қате түсіндіріліп жатқанын жеткізді.

Шынында да әдебиетте мұң болмаса, ол қандай әдебиет? Әрине, әдебиетте мұң болуы керек. Бірақ оны халықтың трагедиясына айналдыруға болмайды, – деді ол.

Оның сөзінше, мәселе ақынның ішкі сезіміндегі мұң туралы емес, халықтың тағдырын тек қасіретпен байланыстырып көрсетуге қарсылықта жатыр.

«Қазақ әдебиетінің болашағына сенімім мол»

Сұхбат соңында Мереке Құлкенов қазіргі қазақ әдебиетінің даму деңгейіне оң баға берді. Ол тәуелсіздік кезеңінде әдебиеттің жаңа мүмкіндіктерге ие болғанын атап өтті.

Біздің әдебиет, қазақ әдебиеті қазір өрлеу үстінде. Біз кеңес үкіметінің кезінде де жақсы әдебиет болған, бірақ онда көп нәрсені жаза алмадық, көп нәрсені айта алмадық, әсіресе өзіңе қатысты, өзіңнің халқыңның жарқын жақтарын айтуға алаңдап айта алмадық, – деді ол.

Жазушылар одағының төрағасы болашақта қазақ әдебиеті ұлттың жетістіктерін, дамуын және келешекке деген сенімін кеңінен көрсететініне сенімді екенін айтты.

Меніңше, ендігі әдебиет, көркем әдебиет, біздің ақындарымыз, жазушыларымыз өзінің жеткен жетістігін, болашағын, болашақта қазақтың ешкімнен кем болмайтын, артық болмаса, өзінің тілі дамитынын, бәрін айтатын, жан-жақты дамыған әдебиет болатынына менің сенімім мол, – деп түйіндеді Мереке Құлкенов.

Наверх