Адамға өмір сыйлаудан артық бақыт жоқ – дәрігер

15 Ақпан 2021, 12:18
3717
Бөлісу:
Адамға өмір сыйлаудан артық бақыт жоқ – дәрігер
Сұхбат
Фото: автордан

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. 1993 жылы атажұртқа оралғаннан бері саналы ғұмырын медицинаға арнап, дәрігер деген атына дақ түсірмей келе жатқан Болат Шәйзаданың есімі ақмолалықтарға кеңінен танымал. BAQ.KZ тілшісімен болған сұхбатта кейіпкеріміз өңірдегі медицинаның жай-күйі, ана мен бала денсаулығы, дәрігерлік мамандықтың қыр-сыры жайлы айтып берді.

Тілші: Медицина – жауапкершілігі мол, жүгі ауыр мамандықтардың бірі. Өзіңіз бұл салаға қалай келдіңіз?

Болат Шәйзада: Бала күнімнен дәрігер болуға талпындым. Моңғолия мединститутының емдеу ісі факультетін акушер-гинеколог мамандығы бойынша тәмамдадым. Акушер-гинекология күрделі мамандық саналатындықтан, Моңғолия үкіметі осы салаға ер азаматтарды тартты. Бәлкім мемлекет саясаты деуге болар. Тәуелсіздіктің арқасында 1993 жылы Атамекенге отбасымызбен көшіп келдік. Қызыл ту ауданында алты жыл еңбек еттім. 1999 жылдан бері Көкшетаудағы облыстық перинаталдық орталықта жұмыс атқарып келемін. Осы салада еңбек етіп жүргеніме 35 жыл.

Тілші: Орталықтың жұмысына тоқталып өтсеңіз...

Болат Шәйзада: Орталық мамандары еліміздегі ана мен бала, нейрохирургия, диагностика, кардиология орталықтарымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Гинекология бөлімшесінде жаңа технологиялардың көмегімен эндовидеохирургиялық, гистероскопиялық, пластикалық күрделі оталар да жасалады. Жұмыс көп, уақыт аз. Кейде демалатын уақыт болмайды. Дегенмен дәрігер болу үшін көп жыл оқыдық, мақсатқа жетуге талпындық. Адамға өмір сыйлаудан асқан бақыт жоқ деп білемін. Жауапты мамандық болғандықтан, дұрыс шешім қабылдауға тиіссің. Тәуекелге барасың. Қауіптілігі басым. Өйткені ана мен нәрестенің өмірін бірдей сақтап қалу оңай емес. Сол себепті дәрігерлер үнемі тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс.

Тілші: Пандемия кезінде жұмыс тәртіптеріңіз өзгерді ме?

Болат Шәйзада: Пандемия басталғалы дәрігерлер қауіпті індетпен күресіп келеді.  Науқастарды емдеп жүріп медицина қызметкерелерінің өздері де індет жұқтырды. Қойылған талап – тазалық пен сақтық! Санитарлық гигиена талаптарын сақтап, көпшілік абыр-сабыр болып жататын қоғамдық орындарға бармау. Ал вакцинадан қорқудың қажеті жоқ. Адамзат аты жаман аурулардың барлығын осы вакцинаның арқасында жеңді.

Тілші: Осы жылдар ішінде медицинада ілгерілеу бар ма?

Болат Шәйзада: Елімізде денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінген. Біліктілікті арттыру, жетілдіру жағы қолға алынуда. Тәжірибе алмасу бүкіл Қазақстан бойынша жүріп, жаңа технологиялар да енгізілуде. Яғни, алға жылжу бар. МӘМС жұмысын жақсарту үшін көп жұмыс атқарылды. Диагностикалық жабдықтар алынды. Озық технологиялардың арқасында ана мен бала өлімі азайды. Менің ойымша, жаңа бағыттарды енгізген дұрыс. Егер әрбіріміз сол бағытта жұмыс істесек бәрі де жақсы болады.

Тілші: Жалпы, әйелдер арасында қандай аурулар басым?

Болат Шәйзада: Бұрын жыныстық органдардың қабынуы жиі кездесетін. Қазір пациенттердің түсінігі өзгерген, қабынудың алдын алуға, асқындырмауға тырысады. Қазір әйелдер арасында жатыр миомасы, жүктілік патологиясы, бедеулік басым. Бұған экология, стресс, дұрыс тамақтанбау, вирустық инфекциялар және т.б. себеп болуы мүмкін. Осыдан жиырма жыл бұрын ЭКО арқылы сәбилі болуға талпынғандар шетел асып жататын. Қазір елімізде осы әдіс арқылы қаншама нәресте дүниеге келді. Президент тапсырмасы бойынша ЭКО бағдарламасы арқылы квота санын 7 мыңға дейін көбейту міндеттелді.  Биыл елордадағы ЭКО орталығының мамандары Көкшетауда болып, 300-ге жуық әйел тексеруден өтті.

Тілші: Болашақ жас аналар нені білуі керек?

Болат Шәйзада: Қыз балалар жас кездерінен денсаулықтарын күтулері тиіс. Бұған арнайы білімнің қажеті жоқ. Мұны әркім білуі тиіс. Дұрыс күтінбеудің салдары кейін ішкі органдардың қабынуын туындатып, түрлі паталогиялық аурулардың соңы бедеулікке әкелуі мүмкін.

Тілші: Дәрігерлік тәжірибеңізде қиналған сәттеріңіз болды ма?

Болат Шәйзада: Кез келген дәрігердің қызметінде қателіктер болады. Бірақ оны қайталамау керек. Бұл кешірілмейді! Медицина – ғылым. Күтпеген жағдайларға тап болуың мүмкін. Бәріне дайын болуың керек. Дәрігерлік көмек көрсету бір басқа, алдыңда не күтіп тұрғанын білу қиын.

Тілші: Жақсы маман болу үшін адамда қандай қасиеттер болу керек?

Болат Шәйзада: Адамның көңілі, жаны нәзік. Оның үстіне аурухана есігін ешкім еріккеннен ашпайды. Бір үміт, бір күдікпен келгендердің сенімін ақтай алсаң болғаны. Дәрігер профессионал ғана емес, психоаналитик те болуы тиіс. Алдыңа келген науқаспен қашанда ашық, батыл, шыншыл сөйлесуге міндеттісің. Әр адамның мінезі әрқилы, әр ағза ауруды әр түрлі қабылдайды.

Тілші: Сіздің ойыңызша қоғамда білікті дәрігер мамандардың жетіспеушілігі неден туындап отыр?

Болат Шәйзада: Кез келген профессионал, мықты кадрлардың еңбегі дұрыс бағалануы тиіс. Сонда талап, бәсеке де күшейеді. Хирург, акушер-гинеколог, анестезиолог мамандардың жетіспеушілігі болашақта да ұлғаюы мүмкін. Өйткені халық санының өсуімен, сұраныс та артады. Жасырары жоқ, жастардың көбі шыдамайды. Қаржылық жағдайға байланысты олардың көбі екі-үш жерде жұмыс істесе, оқуға қайдан уақыт табады? Егер жалақысы жоғары болса, мамандар өз қаражаттарына-ақ шетелде білімдерін жетілдірер еді ғой. Меніңше, әр дәрігердің біліктілігіне сай жалақы төленуі тиіс.

Тілші: Сізді көпшілік энергетикасы мол жан ретінде қабылдайды. Мұның сыры неде?

Болат Шәйзада: Дәрігерге босаңсуға болмайды. Қолым қалт еткенде музыка тыңдағанды ұнатамын. Музыка – ерекше көңіл-күй сыйлайтын өзгеше әлем. Адам мен табиғат егіз ұғым ғой. Өмірдің мәні өзіңді өзің түсінуде. Адамның бақыты – өмірдегі үйлесімділік деп білемін. Өзіңмен үйлесімділікте өмір сүру үшін алдыңа мақсат қоя білуің керек.  Адам өмірі қысқа. Уақыт көз ілестірмей өте шығады. Әркімнің денсаулығы өз қолында. Барынша стреске бой алдырмауға тырысып, жақсылыққа ұмтылу керек. Білім ал. Ізден. Ешкімді сыртынан ғайбаттама. Темекі, ішімдікке әуестенбе. Заңға бағын. Уақытыңды текке кетірме. Бұл – менің өмірлік ұстанымым.



Өзгелердің жаңалығы