Адамдардың қоқыс тастау этикасы қалыптасса екен - аула сыпырушы

11 Желтоқсан 2023, 13:16
516
Бөлісу:
Адамдардың қоқыс тастау этикасы қалыптасса екен - аула сыпырушы
Фото: автордан

Алматыда қала көркіне өзіндік үлесін қосып жүрген жандар жетерлік. Олардың бірі де бірегейі - аула сыпырушылар. Таң атпай, бәрімізден бұрын аула сыпырып, шашылған қоқыстарды ретке келтіріп жүрген жандар жетерлік. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі аула сыпырушы Бақыткүл Жақиямен сұхбаттасқан еді. 

-Жұмысыңыз жайлы айта кетсеңіз? 

-Тазалық саласында жүргеніме 6 жылдан астам уақыт өтті. Жұмысым өзіме ұнайды. Таңғы сағат 7.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жалғасады. Біздің жұмыс жыл мезгілдеріне қарай өзгеріп отырады. Жаз айында шаңды сыпырып, қоқыс жинасақ, күз бен көктемде ағаш жапырағын сыпырамыз. Ал қыста қар күрейміз. Жұмысым қимыл-қозғалыстан тұрғандықтан, көңілім сергіп, денсаулығым да жақсарады. Түскі тамағымызды үйден алып келеміз, жұмысшылармен бірігіп тамақтанып аламыз. Барлығымыз бір үйдің баласындай тату-тәтті уақыт өткіземіз. Бұл да жұмыстың жеңіл өтуіне септігін тигізеді. Кез келген ауа райында болсын, төтенше жағдайда болсын, қызметкерлер бар, техникаларымыз бар - бәріміз аяғымыздан тік тұрамыз. Көпшілігі даладағы жұмыс қиын деген ойға келеді. Дегенмен өзімнің жұмысым көңілімнен шығады. Күнделікті жүріп-тұрған шығынымды өтейді. Ең бастысы, құлағың тыныш, өз жұмысыңды білсең болды. Төбеңнен төніп тұратын бастығың жоқ. Бұл да бір өзіңді еркін сезініп, жақсы көңілмен жүруге септігін тигізеді. Дегенмен тексеріс болып тұрады, бұндай сәттерде еңбегімізден еш сын табылмайды. Басшылық та өз ризашылығын білдіріп кетеді. 


-Қала тазалығы жылдың төрт мезгілінде де жалғасады. Жұмыс далада болғандықтан, қиын емес пе? 

-Иә, біз жаздың ыстығы мен қыстың суығына қарамай жұмысқа шығамыз. Дегенмен Алматының ауа райы басқа қалалармен салыстырғанда жылы. Сол себептен қыстың суығы әсте байқалмайды. Тіпті қалың киініп алғандықтан, ыстықтап кетемін. Қимыл-қозғалыста болғандықтан, ауа райының бұзылып, жақсарғанына мән бермейміз. Дегенмен қыста қоқыс жерге шашылып, қатып, қардың астында жататын кездер де кездеседі. Бұл жұмысты қиындатады. Қаланың күн райы қолайлы болғандықтан, жұмысымыз да жеңіл өтеді. Дегенмен адамдар қала тазалығын сақтауды, өз қоқысын жәшіктерді тастауды үйренсе, тіпті жақсы болар еді. 

Адамдардың қоқыс тастау этикасы қалыптасса екен - аула сыпырушы

-Қала тұрғындарының қоқыс тастаудағы мәдениеті қандай? 

-Біздің еліміз жыл сайын көркейіп келеді. Дегенмен кейбір адамдардың қоқысты жәшікке төкпей-шашпай тастауды ойланбайтынына таңым бар. Мен немесе басқа жұмысшылар қоқыс жинаудан арланбаймыз. Дегенмен адамдардың айналаны шашып, өз тәрбиесіздіктерін көрсеткеніне қайран қаламыз. Кейбіреуі “бұл сіздердің міндеттеріңіз, қай жерде шашылса да, жинауыңыз керек” дейді. Дегенмен біз қоқыс жәшігіндегі заттарды жинап аламыз. Әрбір адамның қоқысын жинау міндеттелмеген. Бұдан бөлек үйлеріндегі заттарын алып келіп, қалдырып кететіндер бар. Бізге қоқыс жинайтын көлік иелері де “бұл затты неге жинайсыз” деп назданады. Себебі жиһаз, қорап секілді дүниелерді әкеп тастайтын сәттер жиі кездеседі. Осыған байланысты адамдарға ескерту жасағым келеді. Біз сіздердің үйлеріңізден шыққан қоқысты жинауға, өткізуге міндетті емеспіз. Бұдан бөлек, темекі тұқылдарын да жинаймыз. Әсіресе, жаз айында темекі тұқылдарын жастар әр жерге шашып кетеді. Осы ретте, адамдардың қоқыс тастау этикасы қалыптасса екен деп айта кеткім келеді.

-Өз жұмысыңыз ұнайды дедіңіз, бұл салаға келуге кім, не себепкер болды? 

- Менің зейнет демалысына шығуыма 4 жыл қалыпты. Әу басында айтқанымдай, аула сыпырып жүргеніме 6 жыл болды. Осы жасыма дейін әр түрлі жұмыста істеп, өзімді сынадым. Баламен отырған кездерім де болды. Болашақта осы мамандықпен зейнетке шыққым келеді. Себебі аула сыпырушы бола жүріп, қаланың күнделікті тынысына, адамдардың эмоциясына куәгер боласың. Біз табиғат пен қаланың көркеюіне үлес қосамыз. Өзімнің балаларымды да үнемі тазалық пен ұқыптылыққа шақырамын. Себебі дамыған елдерге қарасаңыз, барлығы, ең бастысы, тазалықты сақтайды, адамдардың ұқыптылығы елдің өркендеуіне әсер етеді. Болашақта біздің елімізде де білімді, парасатты адамдар көбейіп, аула сыпырушының еңбегін қадірлейтін жандардың арта түсетініне сенімдімін. 

-Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы